TazaQazBot арқылы қоғамдық орындарды тазалатуға болады
Тұрғындардың тазалыққа қатысты көкейкесті мәселесін атқарушы органға жеткізетін телеграмдағы TazaQazBot чаты Жетісу облысында танылып келеді, деп хабарлайды 24kz.
Бүгінгі күнге дейін аймақ бойынша небәрі төрт өтініш түскен. Соның екеуі тілек, ұсыныс болса, екеуінде нақты проблема көрініс тапқан. Жаңа жобаны алдымен аула тазалығына жауаптылар сынақтан өткізіп жатыр.
Талдықорғанда тұратын Назигүл Рахымбекова 13 жылдан бері Пәтер иелері коперативінің төрайымы болып жұмыс істейді. Ауланың абаттандырылуы мен тазалығына жауапты жан TazaQazBot чаты туралы жақында ғана естіді. Тиімділігін тексеріп көру үшін алғаш рет өтінім берді.
Назигүл Рахымбекова, Пәтер иелері кооперативінің төрайымы:- Ағаштарымды кескізуім керек, ағаштарға әдемі фигура жасап берсе деп отырмын. Таза қала, жасыл қала – біздің Талдықорған. Осы чат арқылы біз көп жұмысымызды істетіп аламыз.
Мұндай өтінішті кез келген тұрғын бере алады. Алдымен телеграмдағы TazaQazBot чатына кіріп, телефон нөмірін тіркеу керек. Артынша куәліктің жеке сәйкестендіру нөмірі сұралады. Осы мәліметтерді ұсынғанан кейін өзекті мәселені жазып, суретке түсіріп жіберу мүмкіндігі беріледі. Ағаштардың бұтағын кесу, жолдың сапасы, үйілген қоқыс сияқты 14 түрлі санат бойынша қабылданған өтінімді құзырлы органдар белгілі мерзім ішінде орындауға міндетті.
Әлібек Әділбаев, Жетісу облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы: - Тұрғындардың өтініші 3 күн мен 15 күн аралығында жасалады. Мысалы тұрғындардан аулада қоқыс жиналып қалған. Біз келіп, жұмыс орындалған соң суретін дейінгі және кейінгі ғып өтініш иесіне жібереміз. Бүгінгі күнге төрт өтініш келіп түсті. Бүгінгі күні жұмыстар жалғасуда.
Telegram арқылы өтінім берудің тәртібі түсіндірілетін арнайы ролик әзірленген. Қазір әкімдік қызметкерлері бейнежазбаны Пәтер иелері коперативтеріне таратып жатыр. Сол арқылы тазалыққа қатысты өзекті мәселелерді біліп, оның шешілуіне ықпал етпек. Жалпы «Таза Қазақстан» акциясы аясында 29 мыңнан аса көшет егіліп, аймақтағы елдімекендерден 6300 тоннадан аса тұрмыстық қалдық шығарылмақ.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -