Теміртау металлургтері қала тазалығына өз үлесін қосты
"Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында Теміртауда сенбілікке металлургтер және индустриалды университеттің студенттері шықты. Олар өздеріне бекітілген аумақты қоқыстардан тазартып, қурап қалған бұтақтарды кесіп, ағаштарды әктеді.
Экологиялық акция екі ұрпақты – жұмыс істеп жүрген металлургтер мен металлургия өнеркәсібінің болашақ қызметкерлерінің басын біріктірді. Еңбек ұжымымен бірге бекітілген аумақты жинауға металлургия комбинатының басшылығы да шықты.
– "Таза өлке" акциясының бірінші аптасында зауытқа іргелес аумақ тазартылды. Бүгін біз ағаштарды кесу, әктеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біз үшін туған қаламыздың таза және жайлы болуы өте маңызды, – деді компанияның бас директорының орынбасары Евгений Хицко.
"Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы басталғаннан бері сенбіліктермен компанияның зауыт басқармасына тиесілі аумақтар, Республика даңғылы, Теміртау қаласы Қарағанды көшесі қамтылды. Акцияға компанияның барлық бөлімшелері – 2000-нан астам қызметкер қатысты, 100-ден астам техника жұмылдырылды.
Сонымен қатар, "Таза Қазақстан" акциясы басталғаннан бері Теміртауда сенбіліктерге 3,5 мың адам қатысты. Олардың күшімен қала көшелерінен 5 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -