Теміртауда TEN QOGAM әлеуметтік бейімдеу орталығы ашылды
Теміртауда TEN QOGAM мүгедектігі бар адамдарға арналған сервистік орталық жұмыс істей бастады. Ол жұмысқа орналасуға, әлеуметтік бейімделуге көмек алуға мүмкіндік береді.
Орталық "бір терезе" қағидаты бойынша жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда келушілерге құқықтық және психологиялық қолдау көрсетіледі, сондай-ақ құжаттарды ресімдеуге және оңалтудың техникалық құралдарын таңдауға жәрдемдеседі.
– Біз мемлекеттен көрсетілетін қызметтер мен көмектің барлық түрлерін қолжетімді ету үшін сервистік орталық аштық. Жинақталған тәжірибе мен қалыптасқан дағдыларға сүйене отырып, мүгедектігі бар адамдар үшін қол жетімді, түсінікті және уақтылы көрсетілуі үшін неғұрлым сұранысқа ие қызметтер анықталды, – деді орталықтың ашылуында Теміртау әкімі Ораз Тәуірбеков.
Орталық мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік кедергілерді жеңуге, қабілеттерін жүзеге асыруға және қоғамға белсенді қатысуға көмектесуі тиіс.
– TEN QOGAM әлеуметтік және психологиялық мәселелерді шешу үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған мамандарға тегін кеңес беру мен қолдауды ұсынады. Сондай-ақ қоғамға бейімделуге көмектеседі, – деп атап өтті Теміртау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Раушан Адыханова.
Қызмет көрсету орталығы Чайковский көшесі, 2 мекен-жайындағы Жастар үйінің ғимаратында орналасқан. Анықтама телефоны: (8-7213) 91-65-14. Жұмыс кестесі: дүйсенбі-жұма 09:00-ден 18:30-ға дейін.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -