Өткен тәулікте қар құрсауынан 400-ден астам адам құтқарылды және эвакуацияланды
Өткен тәулікте ауа-райының нашарлауына, боранға, көктайғаққа, қатты желге және нөлдік көрінуге байланысты Қазақстанның автожолдарында ТЖМ 416 адамды, оның ішінде 12 баланы құтқарып, эвакуациялады, сондай-ақ 42-ден астам көлікті қар құрсауынан шығарды.
11 өңірдің аумағында қалыптасқан күрделі метеорологиялық жағдайдың нәтижесінде республикалық маңызы бар автожолдардың 38 учаскесінде және облыстық маңызы бар 31 учаскеде қозғалысқа шектеу енгізілді.
ТЖД, ПД, ЖАО, волонтерлер мен жол қызметтерінің күштерімен автокөлік кептелісі болған орындарда тамақтану ұйымдастырылды, жылыту шатырлары орнатылды, адамдарды жылыту пункттеріне орналастыру және ауыл шаруашылығы жануарларын жақын жердегі елді мекендерге тасымалдау жұмыстары жүргізілді. Бұқаралық ақпарат құралдары, телерадиоарналар мен СМС-терді тарату арқылы ауа-райының нашарлауы және автожолдардың жабылуы туралы халықты хабардар ету жүргізілді. Еліміздің 18 өңірінде жедел штабтар ашылып, жедел желі телефондары жұмыс істейді.
Құтқару жұмыстарын ерекше атап өткен жөн:
Ақтөбе облысында 82 шетелдік азаматты эвакуациялау
«Самара-Шымкент» тас жолында Шымкент қаласынан Ресей Федерациясына бара жатқан автобус бұзылып қалып, жолын жалғастыра алмады. Жүргізуші құтқарушылардың көмегіне жүгінді. ТЖМ қызметкерлері Өзбекстан, Тәжікстан және РФ азаматтары болып табылатын 82 жолаушыны, оның ішінде 3 баланы Құрылыс ауылының жылыту пунктіне жеткізді. Шетел азаматтары Қазақстан құтқарушыларына алғыс білдірді.
Ұлытау облысында бұзылып қалған автобустың жолаушыларын құтқару
Қаражал қаласынан Шалғия кентіне қарай 20 шақырым жерде құтқару операциясы жүргізілді. 50 жолаушыны тасымалдап келе жатқан автобус бұзылып, қатты боран салдарынан жолда қалып қойды. ТЖМ қызметкерлері қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып автобусты Қаражал қаласының №7 мектебіне жеткізді. Қолын үсік шалған автобус жүргізушісі қажетті медициналық көмек алу үшін ауруханаға жеткізілді.
Жетісу облысында қар құрсауында қалған балықшыларды құтқару
ТЖМ құтқарушылары патрульдеу барысында төрт балықшы отырған жеңіл көлікті анықтады. Ауа райының нашарлауына байланысты олар жолдан адасып, қар құрсауында қалған. Құтқарушылар көлікті қардан шығарып, балықшыларды қауіпсіз жерге дейін жеткізді.
Жамбыл облысындағы құтқару операциялары
Қар құрсауынан тағы 11 адам құтқарылды. «Алматы-Ташкент» автожолының учаскесінде қатты қарлы боран салдарынан екі жеңіл автокөліктің, жол бойындағы дәмхананың және жолаушылар автобусының жолаушылары жолда қалып қойды. ТЖМ қызметкерлері қиын жағдайға тап болған азаматтарға жедел түрде көмекке келді. Құтқару операциясын жүргізуге үш қызметкер мен бір бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Құтқарушылардың кәсіби әрекеттерінің арқасында 11 адам эвакуацияланып, Бауыржан Момышұлы атындағы ауылға жеткізілді.
Жамбылдық құтқарушы боранда бірнеше шақырымды еңсеріп, адамдарды эвакуациялады. Жуалы ауданындағы «Момышұлы-Қошқарата» автожолының жабық учаскесінде үш трактор қар құрсауында қалып қойғандықтан құтқарушылардың көмегіне жүгінді. Көмек көрсету мақсатында ТЖМ құтқарушылары «Трэкол» жол талғамайтын көлікпен шақырту орнына барды. Ауа-райының қолайсыз болғандықтан құтқарушы Рауан Ахметов қардың астындағы жолды анықтау үшін көліктің алдында жаяу жүрді. Боранға қарамастан, олар шақырту орнына жетіп, тракторлар ішіндегі алты адамды Қөлтоған ауылына эвакуациялады. Осы уақытта тракторларды шынжыр табанды тартқышымен жақын маңдағы елді мекенге сүйреп жеткізді.
Сонымен қатар «Алматы-Ташкент-Термез» республикалық маңызы бар жолда қалған жолаушыларға көмек көрсетілді. Атқарылған жұмыстар барысында 10 жолаушы автокөлігіндегі жалпы саны 377 адам, оның ішінде 75 жасөспірім Тараз қаласындағы темір жол вокзалына жеткізіліп, Шымкент бағытына жөнелтілді. ТЖМ қызметкерлері ЖАО мен волонтерлер бірлесіп, Айшабибі ауылының кіреберісіндегі жолаушыларға көмек көрсетіп, ыстық тамақ ұйымдастырды.
Бір отбасының 4 адамы «Алматы-Ташкент» тас жолының 6-шақырымындағы Б. Момышұлы ауылының маңында қар құрсауында қалды Автокөлікте толғағы басталған жүкті әйел, екі бала және ер адам болған. Оқиға орнына ТЖМ қызметкерлері жедел жетіп, көліктегі отбасы мүшелерін өрт сөндіру көлігіне эвакуациялап, көлікті қауіпсіз жерге сүйреп жеткізді. Одан кейін әйелді Б. Момышұлы ауылының медициналық пунктіне жеткізді. Ер адам мен балалар туыстарының үйлеріне жөнелтілді.
Абай облысындағы құтқару операциялары
Аягөз қаласындағы 112 пультіне Өркен ауылдық округінің әкімі хабарласып, Бақанас ауылында жүкті әйелге көмек қажет екенін хабарлады. Боран соғып, жолда жүру мүмкін болмады. ТЖМ мен жедел жәрдем қызметкерлері Аягөз қаласынан жедел түрде оқиға орнына шықты. Дәрігерлер мен құтқарушылардың үйлесімді іс-қимылдарының арқасында жүкті әйел Аягөз аудандық орталық ауруханасының перзентханасына уақтылы жеткізілді, ол босанды.
Аягөз ауданы Қарағаш ауылдық округінің аумағында орналасқан «Қарағанды-Аягөз-Боғаз» республикалық маңызы бар автожолының 736-шақырымында «Ақжар-Алматы» бағытында жүріп бара жатқан жолаушылар автобусы жол жиегіне шығып кеткен. Оқиға орнына ТЖМ және ҚМ 15701 әскери бөлімінің қызметкерлері жедел түрде жетіп, бірлесіп 10 жолаушыны эвакуациялады. Барлық жолаушылар Аягөз қаласына жеткізіліп, жылыту пунктіне орналастырылды.
Шығыс Қазақстан облысында жолда қар құрсауында қалған жүргізушілерге көмекке келу
Глубокое ауданында «Шемонаиха Секисовка» тас жолында жеңіл автокөлік қар құрсауында қалды, оған көмек көрсетуге құтқарушылар келіп, көлікті қардан алып шықты. Шемонаиха қаласына қарасты жолда ТЖ қызметкерлері қар құсауында қалған тағы 6 автокөлікті анықтап, өтімділігі жоғары «ТРЭКОЛ» көлігімен төтенше жағдайға тап болған адамдарға көмектесті. 8 адам жақын маңдағы елді мекенге жеткізіліп, оларға ыстық тамақ ұйымдастырылды.
Қарағанды облысының автожолдарындағы құтқару операциялары
Шет ауданында Ақсу-Аюлы ауылынан 90 шақырым жерде қар құрсауынан 8 жеңіл автокөлік шығарылды. Автокөліктердің ішінде болған 15 адам, соның ішінде 1 бала құтқарылды. Сол ауданда Ақсу-Аюлы ауылынан 75 шақырым жерде қар құрсауында қалған жеңіл автокөліктен 2 адам Ақсу-Аюлы ауылына жеткізілді. Нұра ауданының Нұра кентінен 33 шақырым жерде Көбетей ауылының маңында қар құрсауында қалған жеңіл автокөліктен 2 адам Нұра кентіне жеткізілді. ТЖД және Апаттар медицинасы орталығының психологтары автокөлік кептелісі орын алған жерлерде 18 зардап шеккен адамға шұғыл психологиялық көмек көрсетті.
ТЖД күшімен өтімділігі жоғары техникасында автожолдардың күрделі қарлы учаскелерінде адамдардың және кептелісте қалған автокөліктердің болуына патрульдеу жүргізілді. Құтқарушылар халыққа көмек көрсетіп, автожолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, тәулік бойы жұмыс істеуді жалғастыруда.
Қазақстан ТЖМ азаматтарды сақтық шараларын сақтауға, дауылды ескертулерді қадағалауға және қолайсыз ауа райы жағдайында алыс сапарларға шықпауға шақырады. Ауыл тұрғындарына ауа-райының нашарлауы жағдайында ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -