ТЖМ жартыжылдық қорытындысы: құтқарушылар сын-қатерлерді қалай еңсереді
2024 жылдың І жартыжылдығында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары 70 мыңға жуық азаматты құтқарды және эвакуациялады, 42 мыңнан астам жедел сапар жасады. Сонымен бірге 5,5 мыңнан астам төтенше жағдай мен оқиға тіркелді. Ведомство қызметкерлері қандай қиындықтарға тап болды, оларды қалай еңсерді және болашаққа қандай жоспарлар құрып жатқаны туралы PrimeMinister.kz сайты редакциясының шолуында.
Қыста 4,5 мыңға жуық дауыл туралы ескерту жарияланды. Құтқарушылардың жедел әрекет етуінің арқасында автожолдардағы қайғылы салдардың алдын алуға және 13 мыңнан астам адамды қауіпті аймақтан эвакуациялауға мүмкіндік туды.
Жылу беру маусымындағы алдын алу шаралары айтарлықтай нәтиже берді. Өрт саны 14%-ға, қаза тапқандар саны 9%-ға, ал балалар өлімі 48%-ға азайды.
Бұл жетістіктер дер кезінде алдын алу шаралары мен төтенше жағдайларға тиімді әрекет етудің маңыздылығын көрсетеді. Қазір келесі жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр. Дайындық шеңберінде азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үйлерге тексеру жүргізіліп, жаңа өрт дабылдары орнатылады.
Биылғы су тасқыны еліміздің 12 өңірін әбігерге салған ең күрделі кезең болды. 11 мыңнан астам тұрғын үй су астында қалды, автожолдардың 150 учаскесін су шайып, 11 көпір қирады. Табиғи апат салдарынан құтқарушылар 120 мыңнан астам адамды, оның ішінде 45 мың баланы эвакуациялады.
Тұрғындарды эвакуациялау үшін понтон көпірлері, әуе авиациясы және арнайы инженерлік техника пайдаланылды. Аса күрделі су тасқыны жағдайы қалыптасқан өңірлерге күштер мен техниканы ауқымды тасымалдау жүзеге асырылды. Су тасқынына қарсы күреске 63 мыңнан астам адам қатысты, 7 мыңнан астам техника, 1 мыңнан астам су айдау құрылғысы, 418 жүзу құралы және азаматтық қорғау қызметінің 38 әуе кемесі тартылды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери қызметкерлері белсенді қатысты. Қазір олар төрт әскери бөлімге жетекшілік етіп, алдағы сын-қатерлерге әзірлікті қамтамасыз ету үшін материалдық-техникалық базаны белсенді түрде нығайтуда.
Суға түсу маусымы дәстүр бойынша 1 маусымда басталды. Республика бойынша шомылуға рұқсат етілген 708 орын бар. Су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ-нің 400-ге жуық құтқару бекеті жұмыс істейді. Суға түсу кезеңі басталғанға дейін және бүкіл шомылу кезеңінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Мәселен, 32 мыңнан астам бала жүзу дағдыларына оқытылды, 4 мыңға жуық қоғамдық құтқарушы даярланды. Күн сайын су айдындарында рейдтер мен патрульдеу жұмыстары жүргізіледі, оның 29 мыңға жуығы қазірдің өзінде жүзеге асырылған. Судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 11,5 мың азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Өрт қаупі басым кезең басталғалы бері республика аумағында 107 орман және 6 дала өрті сөндірілді. Табиғи өрттермен күресу үшін табиғи өрттержі жоюға ден қою кезінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басқару және өзара іс-қимыл алгоритмі қайта қаралды. ТЖМ Дағдарыс жағдайындағы басқару орталығында тәулік бойы мониторинг жүргізілетін республикалық жедел штаб жұмыс істейді. Өрт туындаған жағдайда дереу жоюға ТЖМ күштері мен құралдары тартылады. Өңірлерде мобилдік топтар құрылып, табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелерімен өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізілді.
Төтенше жағдай аймағында күштер мен құралдардың әрекет етуін пысықтай отырып, тәжірибеде алғаш рет «Семей орманы» базасында «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Қазіргі уақытта дала өртінің туындау қаупін азайту шараларын іске асыру жалғасуда.
І жартыжылдықта еліміз бойынша азаматтардың қаза болуы 15%-ға, өрт саны 11%-ға азайды. Өрт қауіпсіздігі желісі бойынша 11 мыңнан астам бақылаудағы нысан тексерілді, 85 мыңға жуық бұзушылық анықталды, 12 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі есебінде сел қаупі бар 614, көшкін қаупі бар 412 учаске бар. Оларға күнделікті мониторинг жүргізіліп, аэровизуалды және жерүсті зерттеулер жасалады. Мысалы, Іле Алатауындағы «Қазселденқорғау» бөлімшелері алты ықтимал қауіпті мореналық көлдерді босату бойынша ауқымды жұмыс жүргізді, бұл олардың бұзылу қаупін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді.
Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді. Сондай-ақ еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлерінде жойқын жер сілкінісін жою кезінде азаматтық қорғаныс күштерін тәжірибелік пысықтау мақсатында «Жер» республикалық оқу-жаттығуы өткізілді.
Өнеркәсіптік қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінеді. Жүргізіліп жатқан саясат өндірістегі апаттар санын 22%-ға, жарақат алу деңгейін 38%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Есепті кезеңде 372 тексеру жүргізілді, 15 мыңнан астам бұзушылық анықталды, 90 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өрескел бұзушылықтар үшін 148 қауіпті өндіріс нысанының жұмысы тоқтатылды.
Қауіпті өндіріс нысандарындағы жазатайым оқиғалар деңгейін төмендету үшін үш бағыт бойынша Өнеркәсіптік қауіпсіздікті дамыту тұжырымдамасы әзірленді:
«Нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру» «Өндірістік процестерді цифрландыру және автоматтандыру» «Ғылыми әлеуетті арттыру»Мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру ерекше бақылауда. Биыл су тасқынын жоюға шамамен 5 млрд теңге көлемінде құнды заттар бөлінді. Сондай-ақ Қырғызстан мен Ауғанстанға азық-түлік және жанар-жағармай материалдары түрінде гуманитарлық көмек көрсетілді.
ТЖМ бөлімшелердің материалды-техникалық базасын нығайту шараларын жалғастыруда және Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті мен Ұлттық теңіз кәсіби апаттық-құтқару қызметін құруды қоса алғанда, жаңа бастамалар әзірлеуде.
Биыл құтқарушылар үшін 10 мыңнан астам өрт сөдіру техникалық жабдық, 166 бірлік арнайы техника сатып алу, лизинг шеңберінде апаттық-құтқару және іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін ұшақ пен 5 тікұшақ сатып алу жоспарланып отыр. Республикалық және жергілікті бюджет есебінен 20 өрт сөндіру депосының құрылысы жалғасуда. Жатақханасы бар бірегей құрастырмалы модульді өрт сөндіру кешенінің құрылысы аяқталуда.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі бірыңғай басқарма үшін заманауи ақпараттық технологиялармен жабдықталған Дағдарысты басқару орталығын жаңғырту аяқталды.
Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік пакетін жақсарту бөлігінде Мемлекет басшысы мен Астана әкімдігінің қолдауымен жыл басынан бері елордалық гарнизон қызметкерлерінің 50 отбасы тұрғын үй сертификаттарын алды. Аталған тәжірибені өңірлерде де жалғастыру көзделіп отыр. Сондай-ақ тұрғын үй төлемдері мәселесі заңнамалық деңгейде шешілуде.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -