ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІНІҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕР ФОРУМЫ
Астанада «CONNECTED-2024» халықаралық конференциясы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің стратегиялық әріптестер форумы өтті. Іс-шараға 300-ден астам жоғары оқу орындарының өкілдері, ұлттық және шетелдік серіктестер, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Форумның негізгі тақырыбы – «Білім және болашақ ғылымы». Модератор ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек болды. Форум мен панельдік пікірталастар аясында жоғары білім беруді дамытудың өзекті мәселелері, сондай-ақ осы саладағы сын-қатерлер мен перспективалар талқыланды. Жиын тәжірибе алмасу және жетекші сарапшылардың қатысуымен ғылым мен білімнің болашағы туралы халықаралық пікірталас өткізу үшін маңызды алаңға айналды.
Министр Саясат Нұрбек серіктестіктің Қазақстанда білім беру жүйесін дамытуға үлкен мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Ол Қазақстанның халық саны қарқынды өсіп келе жатқан Орталық Азия мен Еуразияның орталығында бола отырып, жоғары білім берудің баламалы мүмкіндіктерін іздейтін студенттер үшін білім беру хабына айналуға ұмтылатынын айтты.
Ведомство басшысы әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестікте әзірленген цифрлық университеттердің моделін де таныстырды. Соңғы екі жылда ынтымақтастықтың айтарлықтай кеңеюіне қол жеткізілді, бұл білім беру бағдарламаларын заманауи талаптар мен халықаралық стандарттарға бейімдеуге мүмкіндік берді.
Форум аясында министрліктің шетелдік серіктестері өз мекемелерін таныстырып, Қазақстанда филиалдарын ашу себептері және бірлесіп даму мүмкіндіктері туралы айтып берді.
De Montfort University Kazakhstan кампусының басшысы және академиялық директоры Эрик Димла университеттің Қазақстанмен төрт жылдан бері ынтымақтастық орнатқанын және жергілікті студенттерге бизнес, қаржы және құқық саласында сапалы білім берудің маңыздылығын атап өтті.
Форумға қатысушылар арасында Хериот-Уотт университетінің халықаралық қатынастар және серіктестік жөніндегі вице-проректоры Марк Биггс, «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің проректоры Дмитрий Савкин, «Лу-Бан шеберханасы» жобасының сараптамалық комитетінің директоры және Тяньцзинь технологиялар және білім беру университетінің профессоры Лю Цзинцюань, Қазақстан-Неміс тұрақты инженерия институтының директоры Макс Айрих, Донг-Ый университетінің президенті Суван Хан, City University of Hong Kong кадрлар және халықаралық стратегия жөніндегі вице-президенті Вэн Чжан Ли, сондай-ақ Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетінің халықаралық ынтымақтастық кеңсесінің вице-проректоры Таехи Ким болды.
Қатысушылар трансұлттық білім берудің қазіргі заманғы жаһандық тренд ретіндегі маңыздылығын, жоғары білім беру саласында бәсекелестік стратегияларды және Қазақстандағы стратегиялық әріптестік моделін құруды талқылады.
Форумның басты міндеттерінің бірі – Қазақстанда жоғары білім беруді трансформациялаудың негізгі тәсілдерін әзірлеу. Талқылау нәтижесінде қатысушылар тәжірибе алмасу және ғылым мен білім беру саласындағы стратегиялық ұсынымдарды қалыптастыру үшін тұрақты алаңға айналатын Халықаралық кеңес құруды ұсынды.
Сонымен қатар «Халықаралық ғылыми басылымдар – сын-тегеуріндер мен даму» және «Самұрық-Қазына» АҚ-мен ынтымақтастықта экономика салалары үшін кадрлар даярлау» тақырыптарында сессиялар өтті. Сондай-ақ Гази университетінің, City University of Hong Kong, Түркі мемлекеттері ұйымының өкілдерімен екіжақты кездесулер өтті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -