Қызылордада Ұлттық домбыра күні атап өтілді
Қызылордада Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – халық мұрасы» фестивалі өтті. Жаңарған Орталық алаңдағы тағылымды іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев, ардагерлер, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым, азаматтық қоғам өкілдері мен белсенді жастар қатысты.Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жерлестерін мерекемен құттықтап, әр қазақтың асыл қазынасы - домбыраның қасиетті Сыр елі үшін ерекше маңызын атап өтті.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде «Азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» деген болатын. Биыл «Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінде «Руханият жылы» жарияланды. Мерейлі жыл аясында тек мәдени-көпшілік шаралар ғана емес, ауқымды жобалар жүзеге асырылады. Наурыз мерекесінде 1000 орындық «Өнер» орталығы пайдалануға берілді. Қызылорда қаласының сол жағалауынан облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратының құрылысы басталды. Жыл соңына дейін Сыр өңірінің жазба мәдениетін насихаттайтын «Алаш әдебиеті» музейі ашылады. Барлық 7 ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін, типтік үлгідегі «Руханият» орталықтары салынуда. Облыс орталығында «Шығармашылық академиясы», 2 ауданда Оқушылар үйі мен Өнер мектептерінің құрылысы жүруде. «Саутс ойл» компаниясының демеушілігімен мәдени мұраның, ұлттық өнердің кемелденуіне өзіндік үлесін қосқан Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараты салынуда. Былтырдан бері қасиетті мекеннің абыройын асырып, бақ-беделін сақтауға үлес қосып жүрген мәдениет және өнер, әдебиет өкілдеріне облыс әкімінің «Тұран» арнайы сыйлығын табыстауды бастадық. Аудандардағы өнер ұжымдарына 100 домбыра тарту етілді. Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында республикада алғашқы болып 171 мәдениет үйі мен клубтарда 7 бағыт бойынша «Адал адам – мәдени-тәрбие беру орталығы» жобасы іске асырылуда», - деді аймақ басшысы.Мерекелік кеште Базардың термесі, Жиенбайдың жыр бастауы, «Жез киік», «Терісқақпай», «Сарыарқа» секілді туындылар орындалды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -