Жаңа үй – жаңа өмір: Қосшы қаласында 67 отбасы пәтер кілттерін алды
Бүгін Қосшы қаласында 67 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Көптен күткен жайлы пәтерлерді қала әкімдігі әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін сатып алған.
Салтанатты іс-шара барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыстап, оларды маңызды оқиғамен құттықтады.
«Бүгін жас, әрі гүлденіп келе жатқан Қосшы қаласында 67 отбасы жаңа пәтерлердің кілтін алды. Өз баспанасына қол жеткізу – әрбір адам мен отбасы үшін үлкен мереке. Бұл қуаныш тек осы отбасылар үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін маңызды оқиға», – деп атап өтті облыс әкімі.
Жаңа пәтер иелерінің арасында алты баланың анасы Жансұлу Әсет те бар.
«Мемлекетімізге, еліміздің Президентіне шексіз алғысымызды білдіреміз. Әрбір жан өз армандаған пәтеріне қол жеткізсін деп тілеймін. Бүгін қоныс тойын тойлап жатқан барша жерлестерімді шын жүректен құттықтаймын», – деді ол қуанышын бөлісіп.
Айта кетейік, жақында ғана облыс орталығында 48 отбасыға жаңа пәтер кілттері табысталған болатын.
Жыл соңына дейін Қосшы қаласында 100-ден астам пәтер сатып алу жоспарланған. Бұл тұрғын үйлер көпбалалы отбасылардың, жетім балалардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың және басқа да мұқтаж азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталады.
Сонымен қатар соңғы жылдары өңірде тұрғын үй құрылысына 200 млрд теңгеден астам инвестиция салынып, 2 млн шаршы метрге жуық баспана пайдалануға берілді. Нәтижесінде, шамамен 12 мың ақмолалық отбасының баспана мәселесі шешімін тапты.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -