Жалпы еңбек өтілі 332 жылды құрайтын мұғалімдер әулеті Жетісу облысында тұрады
Жетісу облысы Панфилов ауданындағы Үмбетовтер отбасының үш буыны педагогикалық мамандық жолын таңдаған. Олардың жалпы еңбек өтілі 332 жыл. Бүкіл өмірін өскелең ұрпақты тәрбиелеуге арнаған отбасыда отағасы Сейітбек Мырзахметұлы мен оның жұбайы Нұриша Баймырзақызы өткен ғасырдың 50-ші жылдарында педагогтар әулетінің негізін қалаған, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Үмбетовтер әулеті – мамандыққа шын берілгендіктің айқын мысалы. Бүгінде отбасында 11 мұғалім – сегіз математик, үш бастауыш сынып мұғалімі және бір физика мұғалімі бар.
Отағасы Сейітбек Мырзахметұлы 41 жылдық ұстаздық қызметінде математика пәні мұғалімінен Лесновка және Соцжол ауылдарында мектеп директорлығына дейінгі жолды артқа тастады, содан кейін тағы 20 жыл Қоңырөлең ауылындағы орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болды, сол жерден ол құрметті еңбек демалысына шықты. Оның жұбайы, отбасының ұйтқысы, «Алтын алқа» иегері Нұриша Баймырзақызы Басши, Лесновка, Соцжол және Қоңырөлең ауылдарындағы бастауыш мектептерде еңбек еткен. Жұбайына демеу бола отырып, ол мектептегі міндеттерін, сегіз баланы оқыту мен тәрбиелеуді қатар алып жүрді.
Ата-анасына қарап бой түзеген қыздары Ардақ, Нұргүл, Бақытгүл және ұлы Марат педагогикалық университеттерге оқуға түсіп, математика пәнінің мұғалімдері атанды. Қазіргі таңда Ардақ пен оның жұбайы Баймұхан Нұрмұхамедов – білім саласының еңбек сіңірген ардагерлері. Нұргүл 25 жыл бойы Қоңырөлең орта мектебінде математикадан сабақ берді, ал қазіргі уақытта М. Ганди атындағы №92 Алматы лицейінде жұмыс істейді. Бақытгүл Б. Момышұлы атындағы гимназияда сабақ береді. 41 жыл бастауыш сынып мұғалімі болған және үлкен отбасының келіні, Сейітбек Мырзахметұлының үлкен ұлы Болаттың жұбайы Жаңыл Өтегенова, оның қызы Мақпал Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетін бітірген.
Ұлы Марат пен оның жұбайы Гүлназира Оспанбекова Қоңырөлең ауылында Қожбанбет би атындағы орта мектепте отыз жыл бойы математикадан сабақ берді. Бір ұжымда иық тіресе жұмыс істей отырып, ерлі-зайыптылар үлкендердің даналығы мен өсиеттерін жас ұрпаққа сіңіруге тырысады.
- Отбасын құрғаннан кейін ата-аналарымыз мектепте тынбай жұмыс істеді. Біздің әкеміз бен анамыз еліміздің лайықты азаматтарының бірнеше ұрпағын тәрбиелегенін мақтан тұтамыз. Қаншама тер төгіп еңбек етсе де, олар бізді де назардан тыс қалдырмай, ұлтымыздың үздік дәстүрлерін бойымызға сіңірді. Мен әкемнің ісін жалғастырғаныма шын жүректен қуаныштымын. Бүгін мен мамандық таңдауда қателеспедім деп сенімді түрде айта аламын және ұстаздық жол – менің арманым екеніне көзім жетті. Сондай-ақ, тек оқытып қана қоймай, үнемі ізденісте болу, жаңа білімді меңгеру өте маңызды, заман ағымынан қалмай, креативті ойлау қажет. Жастар – еліміздің болашағы, сондықтан біз аға буын ретінде ата-бабаларымыздың бай мәдени мұрасын сақтап, балаларға беруіміз керек, нағыз патриоттық рухта тәрбиелеуіміз қажет. Ұстаздың басты мақсаты мен міндеті де осы, - деп, түйіндеді Марат Сейітбекұлы.
Панфилов ауданындағы мұғалімдер әулеті еңбегі мен кәсібилігінің арқасында көптеген құрметті марапаттарға ие болды, бірақ олар үшін ең бастысы – оқушыларының биіктен көрінуі. Бұл әулет жеткен жетістігімен шектеліп қалмайды, ізгі істерін одан әрі жалғастыруға ниетті. Марат Сейітбекұлының қызы Әмина жақында үлкендердің жолын жалғамақшы. Мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «математика» мамандығы бойынша оқуға мемлекеттік грант иегері атанды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Үмбетовтер отбасы архивінен фотосуреттер
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -