«Жас сарбаз» шығармашылық студиясының бишілері XV Ұлттық Дельфий ойындарында алтын олжалады
ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы «Жас сарбаз» балалар студиясының би ұжымы Көкшетау қаласында өткен Ұлттық Дельфий ойындарында жоғары марапатқа ие болды.
Дельфий ойындарына 600 жас дарын қатысты. Қазылар алқасының таразысына 20 хореографиялық ұжымның композициялары ұсынылды. Олардың ішінде 8 жастан 10 жасқа дейінгі санатта «Жас сарбаз» балалар студиясының би тобы «Халық биі» номинациясында «алтын» жүлде еншіледі.
Жас бишілер шығармашылық байқауға педагог-хореограф, үшінші сыныпты сержант Альмира Асылбекова мен қоюшы-хореограф, Қарулы күштердің қызметкері Ержан Құдайбергеновтың басшылығымен мұқият дайындалды.
– Балалардың бимен айналысқанына небәрі екі жыл. Соның өзінде Қырғызстандағы «Нәресте» халықаралық фольклорлық фестивалінде Қазақстанның атынан өнер көрсетті. Енді Бішкекте өтетін Халықаралық Дельфий ойындарына барады. Бұл жетістік, әрине, бәрімізді шабыттандырып, қуантты. Қорғаныс министрлігінің басшылығына және тәрбиеленушілеріміздің шығармашылық әлеуетін дамытуға үлкен үлес қосқан ата-аналарына рахмет, – деді балалар студиясының жетекшісі Альмира Асылбекова.
Өткен жексенбіде байқау жеңімпаздарын әскери оркестр қарсы алды. Жас бишілерді құттықтауға ҰӘПО басшылығының өкілдері, оқушылардың ата-аналары мен достары келді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -