Жеңіс портреттері: Ақмола облысы «Менің Жеңіс тарихым» патриоттық челленджіне қосылды
Ақмола облысы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған республикалық «Менің Жеңіс тарихым» акциясына белсенді түрде қосылды. Өңір тұрғындары әлеуметтік желілерде отбасылық мұрағаттарымен бөлісіп, майданда шайқасқан немесе тылда еңбек еткен туған-туыстары туралы әңгімелеп, ескі суреттер мен ұрпақтан-ұрпаққа жеткен естеліктерді жариялауда.
Акцияға әсіресе мектеп оқушылары ерекше атсалысуда. Бесінші сынып оқушысы Әнел Қазбекова өз атасы — Ұлы Отан соғысының ардагері Саду Бекмағанбетов туралы айтып берді.
«Ол Кеңес армиясы қатарында 1934 жылдан бастап қызмет еткен. Соғыс басталған күннен бастап 162-атқыштар дивизиясының барлау ротасы құрамында болды. Минск түбінде, Украинада шайқасты, Германия мен Польшаны басып өтті. Ең ауыр сәттері Брянск ормандарында болды, ол жерде партизан отрядында қызмет етті», — дейді Әнел өз видеосында.
Ерлігі үшін оның атасы I және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, III дәрежелі Даңқ орденімен, сондай-ақ «Ерлігі үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Өз отбасылық тарихымен ұстаздар да бөлісуде. Қызылсуат орта мектебінің мұғалімі Мұхтарима Төлегенова 30 сәуірде – Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен күні – мектепте «Батылдық пен батырлық» атты патриоттық челлендж басталғанын хабарлады. Эстафета Маншүк Мәметова атындағы мектепке жолданды.
Ақмола облысы Ұлы Отан соғысы тарихында лайықты орын алады. Майдан шебінен шалғай орналасқанына қарамастан, өңір қуатты тылға айналды: бұл жерден майданға 80 мыңнан астам адам аттанды, эвакуацияланған зауыттар мен госпитальдар осында орналасты, жараланған жауынгерлер емделді. Сондай-ақ облысқа қоршаудағы Ленинградтан, Украина мен Беларусьтен мыңдаған әйелдер мен балалар көшірілді. Жергілікті халық барымен бөлісіп, үлкен жанашырлық пен бірліктің үлгісін көрсетті.
Бүгінде жерлестеріміздің ерлігіне деген құрмет өшпей келеді. Әр ауданда патриоттық іс-шаралар өткізіліп, мұражайлар жұмыс істейді, ескерткіш тақталар орнатылуда. Ардагерлердің есімдерімен көшелер, мектептер мен мәдениет мекемелері аталады. «Менің Жеңіс тарихым» акциясы – ерлікті тек кітап бетінде ғана емес, отбасылық жадымызда да сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің жарқын жолы.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -