Жетісу облысы құрылғалы бері 12 жаңа мектеп салынып, 116 мектеп жаңғыртылды
Жетісу облысы құрылғалы бері 3810 орынды 12 мектеп пайдалануға берілді, 116 мектеп жаңғыртылып, 12 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл ретте биыл 2100 оқушыға арналған 4 мектептің құрылысы аяқталуға жақын, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Биыл іске қосылатын 4 мектептің қатарында Ақсу ауданы Көшкентал ауылында 75 балаға арналған шағын орталығы бар 180 орынды жаңа мектеп салынып жатыр. Аталған мектептің директоры Ержан Әділхановтың айтуынша, бұған дейін Көшкентал мектебі 1970 жылдары салынған бейімделген ғимаратта отырғандықтан тиісті стандарттарға сәйкес емес еді. Осыған байланысты жаңадан ғимарат салу туралы шешім қабылданып, биыл сәуір айынан мектептің құрылысы басталған болатын. 1200-дей тұрғыны бар ауылдың оқушылары мен ата-аналары да жаңа мектепті асыға күтуде.
- Енді жаңа ғимаратта балалардың сапалы білім алуларына барлық жағдайлар жасалады. Мұнда жаңа модификациядағы пән кабинеттері, заманауи оқу кабинеттері, шеберхана, оқу залы бар кітапхана, спорт зал, 40 орынды асхана, 124 орынды мәжіліс залы сияқты барлық қажеттіліктер қарастырылған. Сонымен қатар жаңа мектеп іске қосылғанда мектеп жанындағы шағын орталығымызға тағы 25 баланы қабылдаймыз, сөйтіп тәрбиеленушілер саны 60-тан асады деп межеленіп отыр. Осылайша бұл заманауи мектепте білім сапасын арттыруға қажетті барлық жағдайлар қарастырылады, - дейді Е. Әділханов.
Атап өтсек, Көшкентал мектебінде 181 оқушы, 38 мұғалім бар. Бүгінгі күні нысан құрылысының жұмыстары 65% атқарылған. Құрылыс алаңына 75 жұмысшы, 4 арнайы техника жұмылдырылды. Мектепті іске қосу биылғы желтоқсан айына жоспарланған.
Еске салсақ, Жетісу облысы құрылғаннан бері 116 мектеп 7,6 млрд. теңгеге жаңғыртылып, мектептердің пән кабинеттері, жиһаздар, асхана мен кітапханаға қажетті құрал-жабдықтар жаңартылды, оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған турникет, бейнебақылау камералары секілді қажеттіліктер орнатылды.
Жалпы облыстағы білім беру саласында 567 білім беру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 220 балабақша, 27 колледж және 320 жалпы білім беретін мектеп бар.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -