Жетісудың шалғай ауылына орталықтандырылған су жүйесі қосылды
Жетісу облысы Алакөл ауданы Бибақан ауылының тұрғындары Конституция күнін қуанышты жаңалықпен қарсы алып, ауылда көптен күткен орталықтандырылған су жүйесі іске қосылды. Бұған дейін ауыл тұрғындары суды аулаларына орнатқан құдықтан, тұмадан алып келген, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алакуөл аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, бұрын жүз алпыс тұрғыны бар Бибақан ауылындағы ауыз су жүйесі болмаған. Су жүйесінің құрылысына бюджеттен 245 млн. теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары өткен жылдың маусым айында басталған болатын. Құрылыс жұмыстары барысында екі ұңғыма бұрғыланып, ұзындығы 6 шақырымды құрайтын су жүйесі тартылды, аумағы 18 текше метрді құрайтын 6 өрт сөндіру резервуары қарастырылған.
Ауыз судың әрбір аула үшін қолжетімді болғанына тұрғындар дән риза.
- Бұрын суды ауламызға орнатқан құдықтан алатынбыз. Бақша суаратын жаз мезгілінде су азайып кететін. Сосын үнемдеп қолдануға мәжбүр болдық. Бүгін, міне, ауылға таза су беріліп отыр, су таза, әрі жұмсақ, екпіні де қатты. Бұл біздің тұрмысымызды қолайлы ете түсетін болды, өйткені су – ең басты тіршілік көзі, - деді ауыл тұрғыны Қапиза Хамитова.
Жалпы Алакөл ауданы бойынша 56 елді мекеннің 47-сі ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биылғы жылы Көктұма, Теректі, Тоқжайлау, Екпінді ауылдарында ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары басталып, жыл соңына дейін аяқтау көзделген.
Жалпы Жетісу облысында 358 елді мекеннің 325-і орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған, яғни бұл 90,7% көрсетіп отыр, ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 92,4% жетеді деп жоспарланған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -