Жетісулық команда "Ұлы дала жорығы" бәйге марафонының жеңімпазы атанды
Астанада ұлы ғалым Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығына арналған «Ұлы дала жорығы» атты ауқымды республикалық марафонның үшінші маусымы аяқталды. Жарысты ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен оның құрамына кіретін «JORYQ» ат спорты федерациясы «AMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырды. Дүбірлі додада «Жетісу» командасы маусымның жеңімпазы атанды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, марафон-бәйгені бірлесіп ұйымдастырушы Әлібек Әлденей, «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Аманжол Әлтай мен Қазыбек Әлішев қатысты.
Бес күнге созылған жарыстың қорытындысында мәреге бірінші болып Жетісу облысының командасы жетіп, олар мәре сызығын жалпы уақыты 32 сағат 40 минут 18 секундта кесіп өтті. Үшінші маусымның рекордшылары арасында Жетісу облысынан келген шабандоз Мәулетхан Ералы 32 сағат 24 минут 42 секундта 500 км жүріп өтті. Атап өтсек, алғашқы үш жүлдегер команда 2-7 қыркүйек аралығында өтетін «Ұлы дала жорығы» күзгі халықаралық марафонына лицензия алады. «Ұлы дала жорығының» бас серіктесі – ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы.
Сондай-ақ, жарысқа «AMANAT» партиясы, Павлодар мен Ақмола облыстарының әкімдіктері, ҚР Туризм және спорт министрлігі қолдау көрсетті.
Еске салсақ, Жетісу облысының командасы өткен жылы екінші марафонның қорытындысы бойынша да 93 сағат 47 минут 43 секундта 1300 шақырым жүріп өтіп, абсолютті чемпион атанған болатын.
Ашық ақпарат көздеріндегі БАҚ материалдары бойынша дайындалды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -