ЖОЛ АПАТТАРЫН АЗАЙТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАНЫП ЖАТЫР
Жол инфрақұрылымынсыз қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес. Апаттардың 84% -ы елді мекендерде орын алады. Жалпы қаза болғандардың төрттен бір бөлігі жаяу жүргіншілерді қағып кетумен. Олар негізінен қауіпсіз жаяу жүргіншілер өткелдерінің, жарықтандырудың және тротуарлардың болмауынан қаза болуда. ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев ОКҚ брифингінде осылай деп мәлімдеді.
Талдау нәтижесінде елімізде бағдаршаммен реттелетін 600-ге жуық өткел,100 мың метрден астам жаяу жүргіншілер қоршаулары, 15 мың шақырым жарықтандыру және 60 мың шақырымға жуық тротуармен жабдықтау қажет екені анықталды.
«Тағы бір ерекше мәселе – қала маңындағы жолдар. Барлық транзиттік ағын осы жолдар арқылы өтеді. Олардың үлесіне жол апатының ауыр түрлері және адам шығынының 50%-ы тиесілі. Біз адам шығынымен болған немесе жарақат алған әрбір жол апатын талдаймыз, оның шарттары мен себептерін зерделейміз. Талдау нәтижесі біз жыл сайын көтеретін және айтатын жүйелік кемшіліктердің бар екенін көрсетеді. Барлық облыстар ортақ проблемамен сипатталады - 4 немесе одан да көп жолақтары бар 1-ші санаттағы жолдардың жеткіліксіздігі.
Бұл жол қауіпсіздігіне әсер етеді, өйткені бөлу және ұстау кедергілері апат зардаптарын азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, Атырау облысында 1-ші санаттағы жолдар жоқ, Батыс Қазақстан облысында осы санаттағы қауіпсіз жолдардың ұзындығы небәрі 3 км, ал Ақтөбе облысында - 19 шақырым», – деді спикер.
Бүгінгі таңда 4 және одан да көп жолақтары бар 6 мың шақырымнан астам жол салу қажет. Заманауи жолдарды қысқа мерзімде салу мүмкін емес. Осыған байланысты, қауіпсіздікті арттыру үшін жол ұйымдарымен бірлесіп, қолданыстағы жолдарға 25 мың тексеру жүргізілді, онда 45 мыңнан астам кемшіліктер анықталды. 3,5 мыңға жуық лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Зерттеу нәтижелері бойынша республикалық маңызы бар жолдарда барлығы 200 шақырымнан астам таңбалар сызып, 2,5 мыңға жуық жол белгілерін орнату қажет. Жануарлар мен малдың жол бөлігіне шығуына кедергі келтіретін 3 млн пагон метрден астам жол қоршаулары қажет. Барлық проблемалық мәселе бойынша әкімдіктер мен тиісті министрліктерге ақпарат жолданды.
«Жеке мәселе – заңсыз автотасымалдаушылар. Олар жолда ұйқысыз және демалыссыз жүреді. Күнделікті медициналық тексеруден өтпейді, көліктің техникалық жағдайы да тексерілмейді. Біз оларды тоқтатамыз, ескертеміз, бірақ бұл шаралар тиісті нәтиже бермейді. Өткен айда, Ақтөбе облысында күндізгі уақытта біздің қызметкерлер Альфард көлігін тоқтатып, жол ережелерін сақтау туралы ескерткен. Алайда, біраз уақыттан кейін жүргізуші аударылып, нәтижесінде 4 адам қаза тауып, 1 адам ауруханаға жатқызылды», – деді Комитет төрағасы.
Көлік министрлігімен бірлесіп, интернет-агрегаторлармен меморандумдар жасалды. Нәтижесінде жүргізушілерге, олардың еңбек және демалыс режимін сақтауына, көліктің белгіленген қағидаларға сәйкес болуына қойылатын талаптар күшейтілетін болады.
Тағы бір фактор – ол автопарктің үздіксіз өсуі. Өткен жылдың өзінде көлік саны 500 мыңға артып, қазір олардың саны 5 млн 350 мыңнан асып отыр. Ағымдағы жылы 108 мың автокөлік тіркелген. Бұл жол желісіне түсетін жүктеменің артуына әкелді. Бірақ, еліміз әліде көліктенудің шыңына жеткен жоқ. Автокөліктердің жартысының пайдалану мерзімі 20 жылдан асады. Ескі көліктерде белсенді және пассивті қауіпсіздіктің заманауи жүйелері жоқ, сол үшін олар бұзылуға бейім болады.
«Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына цифрлық шешімдер де енгізілуде. Мәселен, жол ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркейтін 24 мыңнан астам камера орнатылған. Олар жол ережелерін бұзудың 70%-на дейін анықтап отыр. Дегенмен, камералардың басым бөлігі қалада орнатылған. Қала сыртындағы жолда қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін патрульдік автокөліктерді жол ережелерін бұзуды тіркейтін борттық жүйелерімен жабдықтадық. Жол бойы жүйе жол ережелерін бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді және оларды Бас прокуратураның орталық серверіне жібереді. Осы жерде айта кететін жәйт, қызметкерлерде ақпаратты жою мүмкіндігі жоқ. Қазір мұндай көліктің 216 бірлігі бар. Бір экипаждың өнімділігін 15 патрульдің жұмысымен салыстыруға болады», – деді Қ.Сұлтанбаев.
Дегенмен, республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардың ұзындығына байланысты олардың саны жеткіліксіз. Осы орайда, жол жүрісіне қатысушылардың барлығын тарту көзделген. Яғни автокөліктердің тізімін кеңейтіп, жол ережелерін бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйелерімен жабдықтау мәселесі пысықталуда. Олармен жедел жәрдем көліктерін, қоғамдық көліктерді, сондай-ақ полицияның түсті-графикалық бояуы мен жарқылдауық маяктары жоқ автокөліктерді жабдықтауды ұсынылды. Бұл көлік жүргізу мәдениетін арттыруға және жазаның бұлтартпаушылық принципін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -