15 семей получили ключи от новых домов в селе Капитоновка Акмолинской области
Ақмола облысына қарасты Бұланды ауданында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған 15 жер үйдің құрылысы аяқталды. Топан судан зардап шеккен ақмолалықтарға «Қазақстан халқына» қоры қол ұшын созды. Атап айтқанда, Бұланды ауданына қарасты Пригородное, Иванковка, Капитоновка, Журавлевка және Вознесенка елдімекендерінде 3,4 млрд теңгеге 144 үй салынады деп жоспарланып отыр.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев Иванковка және Вознесенка ауылдарында бой көтеріп жатқан үйлердің құрылыс барысымен танысты.
Сонымен қатар, Капитоновка ауылында 15 отбасыға жаңа баспананың кілті табысталды. Айта кетейік, үйлер «Қазақстан халқына» қорының қаржысына салынды.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев ауыл тұрғындарын құттықтап, өздерінің жылы лебіздерін жеткізді.
«Бүгін барлығымыз үшін қуанышты оқиға! Міне, көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа үйдің кілттерін табыстадық. Соңғы 8 жылда Бұланды ауданында Төтенше жағдай жарияланбаған. Құтқарушылар мен коммуналдық қызметкерлер, еріктілер және жергілікті тұрғындармен бірге тілсіз жаумен күрестік. Қазіргі таңда облыс көлемінде де, аудан көлемінде де су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бүгінде 11 отбасы қауіпсіз жерге көшірілді. 112 жанұяның мүлкі қалпына келтірілді. Сонымен қатар, 115 отбасыға мүліктік залал үшін өтемақы төленді. Ал, бүгін Капитовка ауылына қарасты 15 отбасы қоныс тойын тойламақ.
Жақын арада Вознесенка, Иванковка және Журавлевка ауылдарында тағы 100 үйдің құрылысы аяқталады», - деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Айта кету керек, «Қазақстан халқына» қорымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін ауданы 80 шаршы метр болатын стандартты үйлердің құрылысы басталып кеткен еді. Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 5 ауылдың әрқайсысынан жаңа үйлер салу үшін су басуға жатпайтын жерлерден жер телімдері бөлініп, қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізілді. Облыс әкімдігі жергілікті қоғам белсенділерімен бірлесіп жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын қатаң қадағалауда.
Жаңа баспана да барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, үй аумағы абаттандырылып, су, жылу және электр желілері тартылған. Әр үйдің аумағында 10 сотық жер телімі де қарастырылған.
«Меценаттардың көмегі және Ақмола облысы әкімдігінің, құрылысшылар мен «Қазақстан халқына» қорының бірлескен жұмысының арқасында Жарқайың және Бұланды аудандарында 144 отбасыға жаңа баспана беріледі. Көктемгі су тасқынан зардап шеккен еліміздің 5 облысында «Қазақстан халқына» қоры арқылы 627 жаңа баспана бой көтеруде. Бүгінгі таңда 403 отбасы қоныс тойын тойлап үлгерді. Енді, міне Капитоновка ауылының тұрғындары да жаңа қоныстанушы қатарында. Бұл үйлер барша қазақстандықтарды біріктірген қолдау мен қамқорлықтың жемісі», - деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев.
Көктемгі су тасқыны кезінде Гүлнар Қалиулинаның үйін су басқан еді. Салдарынан, үй тұруға жарамсыз деп танылды. Ал, бүгін қуаныштан көз жасын тыя алмады.
«Мен осы ауылда 45 жыл тұрамын. Көктемде топан судың астында қалдық. Қазір Мемлекет басшымыздың арқасында бізге жаңа үйлер салынды. Бүгін баспаналы болған барлық тұрғындарды шын жүректен құттықтаймын! Алғысым шексіз! Өте қуаныштымын», - деп бөлісті Г.Қалиулина.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -