А. Бараев атындағы ғылыми-өндірістік орталықта «Дала күні» өтті
А. Бараев атындағы ғылыми-өндірістік орталығында «Климаттың өзгеруі жағдайында астықтың тұрақты өндірісі» тақырыбында дала күні өтті.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен өткен шараға шаруа қожалықтары, ауылшаруашылық техникасы мен өсімдіктерді қорғау өнімдерін тасымалдаушы компаниялар және мемлекеттік орган өкілдері қатысты.
Кездесуге арнайы ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Бекбауов Бағлан Әбдрашымұлы және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы төрағасының м.а. Айтаханов Ерлан Қуанышұлы қатысты. Сондай-ақ Италия, Словения және Қытай елдерінің ғалымдары келді.
Дала күні шарасы аясында білім мен ғылыми зерттеулердің қолжетімділігін арттыруға арналған оқыту семинары өтті. Онда климаттың өзгеруі жағдайында дәнді, майлы және бұршақты дақылдарды өсіру технологиялары, сондай-ақ өндірістің әлеуеттілігімен мен тұрақтылығы мәселелері талқыланды.
Қатысушыларға ғылыми өндіріс орталығының тәжірибелік алқаптарында егін өсірудің инновациялық технологиялары назарға ұсынылды. Селекционерлер өздерінің селекциялық жобалары негізінде құрылған дәнді, дәнді-жемдік, дәнді-бұршақты, майлы, жарма және жемшөп дақылдарының сәтті жүзеге асқаны туралы баяндап, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Дала күні тұрақты агроөнеркәсіп өндірісі саласында табысқа қол жеткізу үшін, әсіресе климаттың өзгеруімен сипатталатын жағдайларда заманауи ғылыми білім мен практикалық тәжірибені біріктірудің маңыздылығын көрсетті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -