АӨК және машина жасау: Олжас Бектенов Степногорск моноқаласының экономикасын әртараптандырумен танысты
Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Қазақстанның жылыжай технологиялары» ЖШС-на барып, Степногорск моноқаласының экономикасын әртараптандырумен және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларымен танысты.
Премьер-Министр Степногорск қаласында орналасқан еліміздегі ең ірі жылыжайлардың бірінің өндірістік қуатымен танысып, шығарылатын өнім түрлерін қарап шықты. Инвестициялық жоба 2010 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолдауымен іске қосылды және Ақмола облысының өңірлік Индустрияландыру картасына енгізілген.
Бүгінгі таңда жылыжай кешенінің ауданы 4,8 гектарды құрайды, өндірістік қуаты – жылына 2400 тонна көкөніс. Өндіріс жыл бойы елорданың жаңа піскен қияр, қызанақ және аскөкке деген қажеттілігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар өнімдер еліміздің басқа аймақтарына сатылады. Биылғы сәуір айында жобаның екінші кезегі іске қосылды, оның шеңберінде жаңа көкөніс дақылдарын, атап айтқанда баялды өсіру қолға алынды.
«Қазақстанның жылыжай технологиялары» ЖШС бас директоры Александр Грибалев таяу болашақта жылына 50 тоннаға дейін құлпынай өсіру бөлімін салу жоспарланып отырғанын айтты. Осыған байланысты өндірістік сипаттағы бірқатар мәселе, соның ішінде жылыжай кешенінің қуатын кеңейту туралы айтылды.
Үкімет басшысы кәсіпорынның елорданың айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру бойынша жүргізіп жатқан жұмысының маңызын атап өтіп, бейінді министрліктерге экспорттық әлеуетті ашу үшін отандық өндірушіге қажетті жәрдем көрсетуді тапсырды.
Мұнда Үкімет басшысына қаланың спорт стадионын реконструкциялау жоспары туралы баяндалды. Нысан апатты жағдайда тұр. Жобаға сәйкес, жүгіру жолағы, жасанды жабын және алаңды жылыту жүйесі жаңартылады. Бір трибуна, тренажер залы, тир мен киім ауыстыратын бөлмені жөндеу жоспарланған. Жаңа футбол алаңының құрылысы қарастырылған. Бригадалар құрылысты бөлшектеуге осы жылдың қазан айында кіріседі. Құрылысты 2025 жылдың екінші тоқсанында бастап, 2026 жылдың жазына қарай пайдалануға беру көзделген. «Алтыналмас» компаниясы бизнестің әлеуметтік әріптестігі шеңберінде техникалық тексеруді, жобаны әзірлеп, реконструкциялауды өз мойнына алды.
Премьер-Министр инфрақұрылымды жаңғыртудың маңызын атап өтіп, Үкіметтің әлеуметтік жауапкершілік аясында бизнеске жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Сонымен қатар жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы Степногорск подшипник зауытының қызметімен танысты. Кәсіпорын елдегі подшипниктердің 100%-ын өндіреді және машина жасау мен басқа да салалардың дамуында маңызды рөл атқарады. 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Зауыт былтыр 20,2 мың тонна, осы жылдың 7 айында 16,3 мың тонна подшипник шығарды. Бұл ретте жобалық қуаты жылына 1,7 млн подшипникке жетеді. Өндірістік желіні қарап шыққаннан кейін Олжас Бектенов кәсіпорынның жүктемесін одан әрі ұлғайту қажеттілігіне назар аударды, сондай-ақ инвестициялар тартуға, қосымша жұмыс орындарын құруға және Степногорск пен оның маңында технологиялық өрлеуді жеделдетуге ықпал ететін өндіріс айналасында өнеркәсіп кластерін құру келешегін атап өтті.
Кәсіпорын жұмысымен танысу барысында қызметкерлер активімен кездесу өткізілді. Өндірісті тереңдету, өткізу нарығын игеру мәселелері талқыланды. Энергиямен қамтамасыз ету деңгейіне және т. б. назар аударылды. Премьер-Министр мен үкіметтік делегация мүшелері қажетті жауаптарын беріп, түсіндірме жүргізді.
«Өнеркәсіпті дамыту және жаңа кәсіпорындарды іске қосу үшін тұрақты энергия беру маңызды. Біз өндіргеннен қарағанда көп тұтынамыз, сондықтан энергияны сатып алуға мәжбүрміз. Бұл тапшылық жылдан жылға үнемі өсіп отырады. Бізге электр энергиясының сенімді көздері қажет. Күн, су, жел баламалы қуат көздерін дамытуға болады деп айтатындар бар, біз де оны дамытып жатырмыз, бірақ олар қажетті тұрақтылықты бермейді, тек қосымша энергия көзіне айналуы мүмкін. Атом энергетикасын дамыту энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар бізде өзіміздің шикізат бар, кадрлар бар», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев заманауи атом стансалары ең жоғары қауіпсіздік шараларына сәйкес салынып жатқанын айтты. Өз кезегінде кәсіпорын ұжымы Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған, оның ішінде бизнесті қолдау, АЭС салу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен бастамаларға қолдау білдірді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -