Ақмола облысында 200-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр
Ақмола облысы еліміздегі жетекші индустриалды-аграрлық өңірлерінің бірі саналады. Бүгінгі таңда бұл саланың үлесі жалпы аймақтық өнімнің үштен бірін құрайды. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша өңірдегі өндіріс көлемінде жоғары нәтижелерге қол жеткізілді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Облыстың негізгі салалары-металлургия, машина жасау және тамақ өнеркәсібі. Мысалы, мұнда елдің барлық тракторларының жартысына жуығы және астық жинайтын комбайндардың, мойынтіректер мен кірпіштердің көп бөлігі өндіріледі. Тамақ өнеркәсібінде май, сүт және ұн өндірісі өсті, бұл аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлесі зор екенін көрсетеді.
«Ақмола облысы инвесторлар үшін тартымды. Тоғыз айдың ішінде өңірге үлкен көлемде инвестиция тартылды. Бұл қаражат негізгі салаларды – агроөнеркәсіп кешенін, өнеркәсіп пен туризмді қамтитын 198 жобаны іске асыруға жұмсалады. Қазіргі уақытта өңірде 64 жоба аяқталды, оның ішінде Көкшетауда дәнді дақылдарды өңдеуге арналған кешен және Целиноград ауданындағы ірі сүт-тауар фермасының құрылысы бар. Жаңартылатын энергия саласында да перспективалы жобалар жүргізіліп жатыр, соның бірі – Аршалы ауданындағы жел электр станциясы», - деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы.
Жыл соңына дейін 134 жаңа жобаны аяқтау жоспарланған. Оның ішінде жарма өндіру зауыты, электролиттік марганец өндірісі, металл бұйымдары өндірісін жаңғырту және ауыл шаруашылығы техникасын шығару кәсіпорындарын кеңейту. Мұның бәрі қосымша жұмыс орындарын құруға және өңірдің позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, Аршалы ауданында «Aqmola» индустриялық аймағының инфрақұрылымын құру тәрізді бәсекеге қабілеттілігі жоғары және экспорттық әлеуеті бар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
«Ақмола облысында инвестицияларды тарту үшін «Aqmola Invest» инвестицияларды дамыту орталығы жұмыс істейді, онда инвесторлар «бір терезе» қағидаты бойынша толық сүйемелдеу алады. Жыл басынан бері ғана орталықта Қазақстан мен шетелден, соның ішінде Венгрия, Қытай, Ресей, Иордания және Түркиядан келген 35 компаниямен келіссөздер жүргізілді. Локомотив-құрылыс зауытын, биогаз станцияларын және дрон шығаратын зауытты салу жөніндегі жобаларды қоса алғанда, бірқатар келісімдерге қол қойылды», - деп толықтырды басқарма басшысы.
Таяу жылдары Ақмола облысы инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған ірі жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыра береді. Жоспарда-34 жобаны іске қосу, бұл қосымша 3 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -