Ақмола облысында ауыл шаруашылығы саласындағы «Цифрлық теңге» пилоттық жобасы таныстырылды
Облыс әкімдігінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиын аша отырып облыс әкімі Марат Ахметжанов Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында агроөнеркәсіп саласы басты бағдар болып отырған өңір халқының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту бүгіннің басты міндеті екенін атап өтті.
«Ақмола облысында да, жалпы елде де әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттарының бірі – агроөнеркәсіптік кешен. Алайда, бұл салада сыбайлас жемқорлық көріністері байқалады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға тек құқық қорғау органдары ғана емес, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ АӨК субъектілерінің өздері де ынталы болуы тиіс», - деді М.Ахметжанов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы Асхат Оразхан ауыл шаруашылығы саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдаудың қорытындыларын баяндады. Мәселен, платформада субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесін пайдалану кезінде «Gosagro.kz» өтінімдер бойынша қайта субсидиялау, кезектен тыс субсидияларды төлеу, «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде кредит беру кезінде және т.б. бөлігінде ақшалай қаражатты әділетсіз бөлу тәуекелі анықталды.
Сонымен қатар, Асхат Оразхан «Ақшаны бояу» қағидаты бойынша бюджет қаражатын бақылауға мүмкіндік беретін «Цифрлық теңге» жобасын таныстырды. Бұл жоба Ақмола облысында ауыл шаруашылығы саласында пилоттық режимде іске асырылатын болады және «Ауыл Аманаты» ауыл тұрғындарына кредит беру жобасы шеңберінде ӘКК бөлетін бюджет қаражатын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған инвестициялық субсидияларды қадағалауға мүмкіндік береді.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Дулат Сердәлі агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша қолданылып жатқан шаралар туралы айтты.
Өңір басшысы бейінді басқармаларға, аудандар мен қалалардың әкімдіктеріне сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша ұсынымдардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау кезіндегі заңсыздықты жою және болдырмау бойынша тиімді шаралар кешенін әзірлеу қажет», - деп қорытындылады облыс әкімі.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -