Ақмола облысында Чаглинка өзенінің арнасы тереңдетіліп жатыр
Ақмола облысында көктемгі су тасқынына дайындық белсенді түрде жүргізілуде, әсіресе су айдындарын тереңдету және тазарту жұмыстарына ерекше назар аударылуда.
Зеренді ауданындағы Шағалалы (Чаглинка) өзенінде бірінші шұңқырды қазу жұмыстары аяқталып, топырақ пен құнарлы өсімдік қабаты алынды. Екінші шұңқырды қазу жұмыстары аяқталуға жақын. Жақын күндері мердігер үшінші шұңқырды қазуға кіріседі. Жұмыстарды осы жылдың наурызына дейін аяқтау жоспарлануда.
«Qazaq Union» ЖШС директоры Ұлан Қабдиннің айтуынша, көктемгі су тасқыны кезінде құрылыс техникасының кезекшілігі ұйымдастырылады. Жұмыстар екі ауысымда жүргізіліп, шамамен 20 техника жұмылдырылған. Жұмыстардың жалпы орындалу көлемі 75%-ды құрайды.
Жұмыстардың барысымен облыс әкімі Марат Ахметжанов танысып, құрылыс сапасы мен қарқынын жоғары бағалады. «Шағалалы өзені облыс орталығына жақын орналасқан. Сондықтан барлық жұмыстар сапалы және уақытында орындалуы тиіс», – деп атап өтті М. Ахметжанов.
«Бұл бөгеттер – біздің ауылдық округіміздің ұзақ уақыт шешілмей келе жатқан ең өзекті мәселелерінің бірі. Өңір басшылығының қолдауымен бұл шараның жүзеге асырылып жатқанына қуаныштымын. Бөгет құрылысы мен өзен жағалауын нығайту біз, ауыл тұрғындары үшін оң әсерін тигізеді», – деді Қабыкен Дүйсенов.
Айта кетейік, қазіргі уақытта өңірде Жабай, Шағалалы және Колутон өзендерінің жағалауын нығайту және түбін тереңдету, Жібек Жолы ауылында қорғаныс бөгеттерін салу жұмыстары жүргізілуде, бұл су тасқыны суларын тасуын болдырмауға және жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Шортанды ауданының Дамса ауылында және Жақсы ауданының Чапаевская бөгетінде су өткізу құрылыстарын олардың өткізу қабілетін арттыру және су басу қаупін азайту мақсатында қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Іс-шаралар «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -