Ақмола облысында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Зеренді ауданы Айдабол ауылында жаңа дәрігерлік амбулаторияның салтанатты ашылуына қатысты. Бұл нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында жүзеге асырылды.
Дәрігерлік амбулаторияның құрылысы 2024 жылы басталған. Заманауи үлгідегі мекеме дәрігерге дейінгі, бастапқы медициналық-санитарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындары кез келген уақытта дәрігер мен акушердің кеңесін ала алады. Сонымен қатар амбулаторияда магнитотерапия, физиотерапия, ультрадыбыстық және жарықпен емдеу, электрокардиография сынды емшаралар жүргізіледі.
«Бізде жедел жәрдем көлігі бар. Тұрғындарға жеті білікті маман қызмет көрсетеді. Жалпы 2600-ден астам адамды, оның ішінде 500-ден аса баланы қамтимыз», – деді дәрігерлік амбулаторияның меңгерушісі Махаббат Тағиев.
Ауылдық жерлерде жаңа медициналық мекемелердің ашылуы халықтың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына жол ашады.
Бүгінге дейін ауыл тұрғындары өткен ғасырдың басында салынған ескі фельдшерлік-акушерлік пунктте ем қабылдап келген. Осыған байланысты айдаболдықтар үшін жаңа, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген амбулатория салу туралы шешім қабылданған.
Жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуы әсіресе қарттар, балалар мен созылмалы сырқаттары бар науқастар үшін маңызды.
«Ауылымызда осындай заманауи амбулаторияның ашылғанына өте қуаныштымын. Бұл бізге өзімізді қауіпсіз әрі ертеңгі күнге сенімді сезінуге мүмкіндік береді. Енді аудан орталығына барып әуре болмаймыз», – деді ауыл тұрғыны Сауле Сағадиева.
Жергілікті билік мекеменің сапалы салынуына және білікті мамандардың іріктелуіне ерекше көңіл бөлді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға баса назар аударады. Бұл амбулаторияның ашылуы – ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жолындағы маңызды қадам. Енді Айдабол ауылының тұрғындары өз елді мекенінен шықпай-ақ сапалы медициналық көмек ала алады. Бұл қадам ауылдағы өмір сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», – деді өңір басшысы Марат Ахметжанов.
Сонымен қатар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Ақмола облысының түрлі елді мекендерінде 38 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде. Дәрігерлік амбулаториялар желісін дамыту – ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартумен қатар, өңірдің тұрақты дамуына үлес қосады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -