Ақмола облысында мектеп құрылысы жалғасуда
Өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру жалғасуда.
Биыл Целиноград ауданында 7 және Көкшетау қаласында 2 мектепті іске қосу жоспарланған. 1 қыркүйекте Талапкер ауылында бір ауысымды, 2400 оқушыға арналған 2 мектеп ашылды. Ақмол және Қараөткел ауылдарында екі жайлы мектепті іске қосу қыркүйек айының соңына жоспарланған.
Айта кетейік, жайлы мектептер құрылысының қарқыны бойынша Ақмола облысы еліміздің бас қаласынан кейін екінші орында тұр.
Ақмол ауылында мектеп құрылысына 145 адам жұмылдырылды. Ғимаратта ішкі жұмыстар аяқталып, аумақты абаттандыру жүріп жатыр. Жаңа мектепте 1 мыңнан астам оқушы оқиды. Бұл мектепті іске қосу аудан орталығындағы 2 мыңға жуық оқушы оқитын жалғыз мектептің жүктелімін азайтады.
Қараөткел ауылының мектебінде аумақты абаттандыру және көгалдандыру, инженерлік коммуникациялар жүргізу және жиһазбен жабдықтау жұмыстары тәмамдалуда.
Бүгінгі таңда Қаражар ауылындағы мектепте витраждарды шынылау, есіктерді монтаждау, қасбетті қаптау жұмыстары жүргізілуде, инженерлік желілер тартылуда.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Марат Ахметжанов Целиноград ауданындағы жайлы мектептердің құрылыс алаңдарында болды.
Сондай-ақ, облыс басшысы мердігерлер және мүдделі ведомстволардың өкілдерімен жаңа мектептер құрылысының мерзімі мен сапасы мәселесі бойынша кеңес өткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселесін шешуге бағытталған, бірыңғай құрылыс стандартын қолдана отырып және жаңа форматтағы мектептер салуды көздейтін «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының өзектілігін атап өтті. Біз аталған мектептердің құрылысын ерекше бақылауда ұстаймыз», - деді М.Ахметжанов.
Өңір басшысы ЖАО мен мердігерлердің барлық білім беру нысандарының сапалы құрылысы бойынша жауапкершілігі туралы ескертті.
«Өңірде жайлы мектептерден басқа жалпы білім беретін мектептердің құрылысы да жүргізілуде. Инженерлік инфрақұрылымды жүргізу бойынша жұмыстарды бақылауды күшейту қажет. Бұл біздің жауапкершілігімізде», - деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Атап айтқанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдар аралығында облыстың 6 өңірінде 22 600 оқушыға арналған 18 мектеп салу жоспарланған. Мердігерлер қатарында «Қазстройподряд» ЖШС, «BI Global», «Integro Construction KZ», «КГС Сауда», «УК Строй» ЖШС бар.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -