Ақмола облысында паралимпиадашыларға құрмет көрсетілді
Көкшетау қаласында жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарынан оралған Ақмола спортшыларын құрметтеуге арналған салтанатты іс-шара өтті.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Ақмола облысының әкімі биылғы жылы жазғы спорт түрлерінен Паралимпиадалық ойындарға қатысу біздің облысымыз үшін тарихи оқиға болғанын атап өтті.
«Сіздердің жеңістеріңіз - батылдық пен шексіз адами мүмкіндіктердің айқын көрінісі. Ол көп жылғы еңбектің, ерік-жігердің және өмірлік қиындықтардан бас тартпау қабілетінің нәтижесі. Мемлекет осы маңызды салаға жан-жақты қолдау көрсетеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада ойындарына қатысушылармен кездесуде спорт саласындағы негізгі міндеттер мен басымдықтарды тұжырымдады. Болашақта біз алға қойған мақсаттарға жету үшін жұмыс істейтін боламыз. Қазақстандық спорттың болашағы сіздердің әрқайсыларыңызға байланысты», - деді М.Ахметжанов.
Іс-шара барысында Паралимпиаданың екі дүркін чемпионы Давид Дегтяревке 3 бөлмелі пәтерге және ақшалай сыйақыға, күміс медаль иегері Еркін Ғаббасовқа 2 бөлмелі пәтерге және ақшалай сыйақыға сертификаттар табыс етілді. Сондай-ақ, жаттықтырушылар Юрий Колесников пен Муслим Сәрсембековке ақшалай сертификаттар берілді.
Өз кезегінде спортшылар көрсетілген қолдауға алғыс айтып, жоғары жетістіктерге жетуге уәде берді.
Естеріңізге сала кетейік, Давид Дегтярев 54 келіге дейінгі санаттағы пауэрлифтинг бойынша Париждегі 2024 жылғы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы атанды. Еркін Ғаббасов 10 метр қашықтыққа пневматикалық мылтықтан оқ атудан жарыстың финалында күміс медаль жеңіп алды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -