Ақмола облысының әкімі Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы курсанттарының оқу орнын бітіру салтанатты рәсіміне қатысты
Бүгін Көкшетау қаласындағы «Абылай хан» алаңында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы курсанттарының академияны бітіру салтанатты рәсімі болып өтті. Биылғы жылы 137 жас офицер еліміздің ТЖМ қатарына қосылып отыр. Сондай-ақ, ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистранттарының алғашқы түлектеріне де дипломдар табыс етілді.
Облыс әкімі Марат Ахметжанов курсанттарды құттықтай отырып, көптеген жылдар бойы Ақмола облысы еліміз үшін азаматтық қорғау саласының мамандарын даярлайтын бірден-бір ұстахана болып табылатынын атап өтті.
«Академия түлектері өздерінің қызметтік міндеттерін лайықты орындайды. Олар тек елде ғана емес, шетелде де төтенше жағдайларды жоюға қатысады. Су тасқыны кезінде курсанттар батылдық пен адалдықтың нақты үлгісін көрсетті», – деп атап өтті облыс әкімі.
Өз кезегінде Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Аринов жас лейтенанттарды Академияның сәтті аяқталуымен, бірінші офицерлік атақ алуларымен құттықтап, рухтың төзімділігін сақтап, батылдық танытып, Отан қорғаушы атағына лайық болуларына тілектестік білдірді.
Іс-шара барысында су тасқынына қарсы жұмыстарға белсенді қатысқан курсанттар Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Академияны бітіру рәсімін өткізу дәстүрлерінің бірі ЖОО-ның жауынгерлік туымен қоштасу болып табылады. Сондай-ақ, Қазақ КСР еңбек сіңірген Өрт сөндіру күзетінің қызметкері, Қазақстан Республикасы ТЖМ Ардагерлер кеңесінің бірінші төрағасы, полковник Ақпаров Нұрпейіс Ақпарұлының отбасының бастамасымен 2022 жылы тағайындалған жыл сайынғы атаулы Ақпаров стипендиясы «Үздік түлекке» табыс етілді.
Іс-шара соңында түлектер қоштасу офицерлік вальсін орындады және соңғы рет жас лейтенанттар жалпы курсанттық сапта салтанатты шерумен жүріп өтті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -