Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Республика күнімен құттықтау
Құрметті ақмолалықтар!
Сіздерді ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүрекпен құттықтаймын!
Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы 1990 жылы қабылданған декларация біздің еліміздің егемендігі мен тұрақтылығына, дамуына жасалған алғашқы қадам болды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Қазақстанның тарихи таңдауын айқындаған Егемендік декларациясы – елдігіміздің берік тұғыры. Онда мемлекетіміздің аумақтық тұтастығының мызғымастығы, халқымыздың жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуға ұмтылысы және азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілетіндігі нақты көрініс тапқан. Осы басты қағидаттар Конституциямызда, заңдарда және Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдарын белгілейтін басқа да құжаттарда көрсетілген» деген болатын.
Еліміз аз ғана уақыттың ішінде тұрақты экономикалық жүйесін құрып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, ел ішіндегі бірлікті нығайтуда. Ынтымақ пен тілеулестіктің арқасында халқымыз табысқа кенеліп отыр. Халықаралық кеңістікте де айта қаларлықтай жетістікке жетуде. Еліміздің жастары ірі интеграциялық идеялар мен бейбітшілік бағытында белсенді жұмыс істеп, өркениетке құлаш ұрудың көшбасшыларына айналуда.
Біздің өңірдің тұрғындары да еліміздің басты мерекесін толайым табыспен қарсы алуда. Мемлекеттің нақты қолдауын пайдалана отырып, жігерлі жұмыс істеген диқандарымыз соңғы он жылда болмаған өнім өсіріп, астық молшылығын жасады. Ауылға арналған жайлы мектептер, медицина мекемелері тұрғызылуда. Ал, қалаларда жаңадан бой көтерген тұрғын үйлер тұтас шағын аудандарға айналды. Көктемгі су тасқыны тәрізді табиғат сынынан сүрінбей өтіп, барлық жапа шеккен адамдарға көмек көрсетілді. Бұл бағытта орасан зор жұмыс істелді.
Құрметті жерлестер!
Бүгінде облысымыз еліміздегі астықты өңірге айналып отыр. Ауыл шаруашылығы техникасы мен жүк көліктері, алтын мен азық-түлік өндіріледі. Қол жеткізген табыс өңіріміздің әрбір тұрғынының еселі еңбегімен келіп отыр. Сол үшін сіздерге рахмет. Алдағы уақытта еңбексүйгіштік еселеніп, туған жерге деген перзенттік махаббаттың арқасында бұдан да биік көрсеткіштерге қол жеткізетінімізге сенемін.
Жарқын әрі шаттыққа толы мереке әрбір ақмолалықтың отбасына ырыс пен бірлік әкелсін. Қазақстанда бейбітшілік пен келісім, тұрақтылық пен гүлдену болсын.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -