Ақтөбе облысында 4 орман өрт сөндіру станциясы салынады
Қазір үш орман өрт сөндіру станциясының құрылысы жүріп жатыр. 2025-2026 жылдары тағы төрт станция салынады.
Бұл туралы өңір басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында Ақтөбе облысы ТЖД бастығы Қахарман Оразалин айтты. Күн тәртібінде қаралған мәселе – облыс аумағында өрт қауіпті кезеңінің өту барысы.
2024 жылдың жеті айында 281 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 8 адам қаза тауып, 7 адам жарақат алды. Материалдық шығын 139,5 млн теңгені құрады. Былтырғы жылмен салыстырғанда өңірдегі өрттер саны 37 жағдайға азайды.
Орман және дала өрттерінің көрсеткіші де төмендегені байқалады. Өрт қауіпті кезеңнің басынан бастап 5 орман өрті тіркелді, нәтижесінде 2,21 га орман алқабы зардап шекті. Былтыр өрт дерегінің ең көбі Байғанин, Қарғалы, Темір, Ойыл және Шалқар аудандарында тіркелген.
Орман және дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі міндеттерді шешу мақсатында бірқатар іс-шаралар жүргізілуде.
Елді мекендердің айналасында 518 шақырым қашықтықта, темір жол бойында 1579 шақырым қашықтықта, орман қоры бойында 895 шақырым қашықтықта, облыстық маңызы бар жолдардың бойында 270 шақырым қашықтықта өртке қарсы жырту жұмыстары жүргізілді.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК АҚ ғарыштық мониторингті ұдайы жүргізіп отырады, оның нәтижелері бойынша дала және орман аймақтарындағы жану нүктелері айқындалады. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Қобда ауданы Көк үй ауылы мен Мұғалжар ауданы Қаракөл ауылының Орқаш шатқалында орман қорын қорғау бойынша механикаландырылған күзет ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, облыс аумағында үш орман өрт сөндіру станциясы салынуда. Келесі жылы тағы төртеуінің құрылысы басталады. Бірақ ең маңыздысы Ырғыз-Торғай резерватының аумағында өрт сөндіру станциясын салу мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр.
Облыс әкімі Асхат Шахаров қалалар мен аудандардың әкімдеріне ТЖ департаментімен бірлесіп, күзгі дала жұмыстарын жүргізу, ірі жем-шөп дайындау кезінде барлық ұйымдардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауын бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ қоғамдық демалыс орындарында және орман алқаптарында ықтимал өрттерді уақытылы анықтау және жою үшін патрульдеу кезеңділігін арттыру міндеттелді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -