Ақтөбе өңірінде жылыту маусымы кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі мәселелері қаралды
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен аппарат жиынында жылыту маусымы кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі шаралары мәселесі қаралды.
Ақтөбе облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті бастығы Қахарман Оразалин 2023-2024 жылдағы жылыту маусымы уақытында тұрғын үй секторында 125 өрт болғанын мәлімдеді. Өрт салдарынан 3 адам қайтыс болып, 7 адам зардап шекті, оның біреуі – бала. Үш адам, оның ішінде екі бала улы газға тұншығып, тағы бір адам қайтыс болған. Барлық қайғылы оқиға өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу себебінен туындап отыр.
Сонымен бірге былтырғы жылмен салыстырғанда өрт саны мен өрттен зардап шеккен және қайтыс болғандар 40 пайызға қысқарды. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері тұрғындар арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Тұрғын үй секторларында рейдтер тұрақты ұйымдастырылады. 14 тамыздан мекеме қызметкерлері алдын ала аулалар бойынша аралауды бастады. Сондай-ақ тұрмыстық газбен жабдықтаудың жаңа жүйелері 10,5 мың өртке қарсы әрекет ету датчиктерімен қамтылды.
Тұрмыстық баллондарда сұйытылған газды бөлшек сатуды жүзеге асыратын газ құю станциялары ерекше бақылауға алынды. Бұл жерлерде төтенше жағдай департаменті басшысының айтуынша, тұрмыстық баллондардың тиісті техникалық жағдайы қамтамасыз етілуге міндетті.
Облыс бойынша 23 әлеуметтік нысандардың газ қазандықтары ғимараттардың ішінде орналасқан. Олардың ішінде 17 мектеп, 1 медициналық мекеме, 1 мәдени және 4 спорттық ғимарат бар. Облыс әкімі қазандықтарды бұзып, оларды жеке ғимараттарға ауыстыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
«Қысқы жылыту маусымы ешқандай кедергісіз өтуге тиіс. Облыс әкімдігі тарапынан қолдау жасалып, қажетті қаржы бөлінді. Тұрғын үйлерде және әлеуметтік нысандарда апаттық жағдайлар туындамауы тиіс. Жауапты мекемелермен жұмыстың тиісті үйлесімін алдын ала белгілеп, жылыту маусымына әзірлік пен оның өтуіне бақылауды күшейту керек. Қысқы жылыту маусымы өңір тұрғындары үшін ең маңызды мәселе екенін тағы да ескертемін. Қателік жіберілген жағдайда мекемелердің барлық басшыларының жеке жауапкершілігі қаралады», — деп тапсырды облыс әкімі басқармалардың басшыларына.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -