Ақтөбеде әскерге аттанған жастарға Бауыржан Момышұлының кітабы табысталды
Ұйымдастырушылардың сөзінше, кітап сыйлау — жастардың әскери рухын көтеріп, Отанды қорғауда жауапкершілік сезімін күшейтуге бағытталған қадам. Ал бұған дейін әрбір жас сарбазға ұялы телефон сыйланған еді.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан құттықтау сөзінде Отан алдындағы борышты өтеу - әрбір азаматтың парызы екенін айтып өтіп, болашақ сарбаздар ел қауіпсіздігін нығайту жолында аянбай қызмет ететініне сенім білдірді. Оларға ақ жол тілеп, Қазақстан армиясының қатарын толықтырған 50 жастың барлығына бүгінгі күннен естелік ретінде қазақтың батыр ұлы, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының кітабын табыс етті.
Еске салайық, әскерге шақырылушылар Ақтөбе гарнизонының 30238 әскери бөлімінде қызмет етеді. Орталық саябақта өткен шараға жергілікті гарнизон қолбасшылығы, Қорғаныс істері департаменті мен басқарма өкілдері, ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері, әскерге шақырылушылардың туыстары мен жақындары қатысты.
Шара барысында көктемгі су тасқыны кезінде көмек қолын созған әскерилерге ҚР Қорғаныс министрі атынан сағат табысталды.
Салтанатты рәсімнің соңы шығармашылық ұжымдар әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласып, болашақ сарбаздар жақындарымен қауышты.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -