Ақтөбеде тағы бес құрылысы тоқтап тұрған нысан қолданысқа берілді
Облыс әкімі Асхат Шахаров аппарат мәжілісінде өңірдегі құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы туралы ақпаратты тыңдады.
Мемлекеттік құрылыс және сәулет бақылау басқармасының басшысы Сұлтан Аманчиннің айтуынша, биылғы І тоқсанда басқармаға құрылыс жұмыстарының басталғаны туралы 319 хабарлама түскен, оның ішінде тұрғын үй құрылысы, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жобалар бар.
Нысандардың құрылысын бақылау үшін жұмыс тобы құрылып, тексерулер барысында тиісті рұқсатсыз жұмысты бастаған 9 нысан анықталды. Аталған нысандардың әрқайсысы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту және заңсыз құрылысты тоқтату туралы ұйғарым шығаруды қамтитын шаралар қабылданды.
Сонымен қатар жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде құрылыс субъектілеріне (тапсырыс берушілер, мердігерлер, авторлар мен техникалық қадағалау, жобалау ұйымдары) қатысты айыппұлдар мен өсімпұлдардың жалпы сомасы 10 млн теңгеден асқан.
Сұлтан Аманчин ұзақмерзімді құрылыстар мәселесіне назар аударды. Айталық, аяқталмаған 12 құрылыс нысанының қазіргі таңда бесеуі пайдалануға берілді, оның ішінде дәмхана, балабақша, «Арайлы» және «Космос» тұрғын үй кешендері, сондай-ақ монша кешені бар.
Тағы бір нысан – Қонаев көшесіндегі автокөліктерге қызмет көрсету орталығы пайдалануға берілу сатысында. Сондай-ақ, «Алтын Орда» шағын ауданы мен Сейітов көшесіндегі тағы екі тұрғын үй кешенінде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Екі нысан бұзылып, қалған екеуінде құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Оларға қатысты заңды шара қолданылады.
Асхат Шахаров өңірде сенбіліктердің басталуымен абаттандыру және құрылыс көліктерінің жолдарды ластауына байланысты жауапкершілікті күшейту керектігін жеткізді.
Сұлтан Аманчин қаланың көркін жақсарту мақсатында ішкі істер органдары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің қатысуымен құрылыс нысандарын тексеру жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтты.
Нәтижесінде біраз олқылық анықталды. Мәселен, кейбір компаниялардың дөңгелектерді жуатын арнайы қондырғылары жоқ, құрылыс сыртындағы қоршаулары бұзылған, ал нысандар – төлқұжатсыз. Жыл басынан бері жолдарды ластап, абаттандыру талаптарын бұзғаны үшін заңды тұлғаларға 22 және жеке тұлғаларға 17 хаттама жасалды. Бұл бағытта жұмыс әлі де жалғасады.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі нысандардың құрылысына, әсіресе барлық қажетті рұқсаттар мен стандарттарға сәйкестігіне бақылауды күшейтуді, рұқсатсыз жұмыстарды бастауға жол бермеу және анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында қадағалау жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -