Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға жаңа баспананың кілті табысталды
Ақтөбе қаласында көктемгі су тасқынынан үйлері жарамсыз болып қалған тұрғындарға жаңа баспаналардың кілті табысталды. Алғашқы 31 үйдің тұрғындарын қоныстоймен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев пен облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтады.
Вице-премьер ақтөбеліктерге табандылық пен шыдамдылық танытқаны үшін, сондай-ақ Мемлекет басшысының үндеуін қолдаған кәсіпкерлерге алғысын білдірді.
«Біздің ата-бабаларымыз әр ауыртпалықтың артында жеңілдік бар деген. Ал төзімділік - жанашырлық, өзара көмек көрсету сияқты - қазақ халқына тән мінездің ажырамас ерекшелігі. Қазіргі жағдай мұның тағы бір дәлелі болып отыр. Президенттің үндеуін жауапсыз қалдырмаған меценаттардың арқасында облыстағы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға пәтер сатып алынып, үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, Ақтөбеде бүгін 31 отбасы жаңа баспана иегері атанып отыр. Жаңа тұрғын үй – бұл жаңа өмір бастамасы. Ендеше барлық сәтсіздіктер, қиыншылықтар өткенге айналсын, ал жаңа өмірде тек бақыт пен қуаныш болсын деп тілеймін», - деді Қанат Бозымбаев.
Бұл үйлерді сатып алуға Eurasian Resources Group компаниялар тобы мен «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қоры мұрындық болды.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қоры Ойыл ауданында 175, Ырғыз ауданында 134 үй салады. Қобда ауданында 147 тұрғын үйді Болат Өтемұратов атындағы қор салып жатыр. Темір ауданында тағы 21 тұрғын үй «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражатына салынуда. BI Group компаниясы Әйтеке би ауданында 26, Мұғалжар ауданында 14 үй салады.
33 жастағы Нұрлан Бектасовтың үйі, ондағы дүние-мүлкі түгелдей суға кетті. Анасымен тұратын ол 3 ай бойы далада қалған жоқпыз, мемлекет тарапынан барлық көмекті алдық дейді.
«Бүгінгі күн біз үшін ерекше есте қалмақ. Үш ай бұрын бізді эвакуациялағанда, тағдырымыз одан әрі қалай боларын білмедік. Бүгін бізге қала орталығынан пәтер беріліп жатыр. Мұндай қуанышқа қалай сенерімді білмей тұрмын. Қиын кезде қол ұшын созып, демеу болған жандарға алғысымыз шексіз», — деп ақтөбелік Нұрлан Бектасов өз қуанышымен бөлісті.
Облыс орталығындағы «Бұтақ» бау-бақша ұжымының тұрғыны Жарқын Қалаубаева жаңа үйінің кілтін алып тұрып, көз жасына ерік берді. Қиын күндерінің артта қалғанына сенетін ана сын сағатта қол білдірген жандарға ризашылығын айтты.
«Осыдан екі ай бұрын су тасқыны орын алды. Қиын жағдайлар басымыздан өтті. Бәріміз зардап шектік. Президентімізге рахмет. Аз ғана уақыттың ішінде бізді үйлі қылып, баспана кілтін беріп жатқанына. Осы жердегі барлық азаматтарға аналық алғысымды білдіремін. Біз қиналғанда қиналып, қуанғанда қуанып, қасымызда болғандарыңыз үшін. Мұндай апат болмасын. Ел аман, жұрт тыныш болсын», - деді ол.
Облыс бойынша барлығы 4691 үй зардап шекті, оның 992-сі апаттық деп танылды. 3095 үй жөндеуге келеді, 475 үй мен пәтер сатып алынады және тағы 517 үй салынбақ. Тұрғын үйді сатып алу және салу шығындарының басым бөлігін демеушілер мен меценаттар өтейді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -