Ақтауда теміржол қауіпсіздігі мен оны шешудің жаңа тәсілдері талқыланды
Бүгін, 18 қазанда, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы ұйымдастырған семинар-кеңеске қатысты. Шара темір жол қозғалысының қауіпсіздігіне байланысты мәселелерді және оларды шешудің жаңа тәсілдерін талқылауға арналды.
Семинарға ҚТЖ Қозғалыс қауіпсіздігі департаменті басшысының орынбасары Ниязбек Жанабаев, Маңғыстау жүк тасымалы және магистральдық желі бөлімшелерінің директорлары, көлік саласындағы құқық қорғау органдары, облыстық мәслихат өкілдері, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген пойыз қозғалысының бас ревизорлары қатысты.
Теміржолшылар бас қосқан жиында көлік қауіпсіздігін нығайту, инфрақұрылымды жаңарту және темір жол ревизорларының қызметін оңтайландыру жолдары талқыланды.
Өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай темір жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне тоқталып, саланың өңір экономикасына тигізетін оң әсерін атап өтті.
- Президентіміздің басқа мемлекет басшыларымен қарым-қатынасының арқасында,беделінің арқасында болашақта елімізде теміржол тасымалы артады деген үмітіміз зор. Алдағы уақытта жаңа вагондар алу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл ел экономикасының дамуына серпіліс береді. Теміржол саласы мамандарының жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрбір қабылдаған шешімдеріңіз, атқарған іс-әрекеттеріңіз тек өздеріңіздің ғана емес, халықтың да қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жиын қорытындысы бойынша темір жол қозғалысының қауіпсіздігі және жүйелік мәселелерді шешуге арналған ұсыныстар қабылданды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -