Ақтауда Транскаспий дәлізін дамыту мәселелері талқыланды
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов Қытай делегациясымен және Транскаспий халықаралық көлік бағытында жүк тасымалдау жөніндегі жұмыс тобының мүшелерімен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай Республикалары арасындағы Транскаспий дәлізі жобасы аясындағы ынтымақтастық, порт қуаттарын жаңғыртуға жәрдемдесу және Транскаспий дәлізін дамытуға байланысты мәселелерді зерделеу тақырыптары талқыланды.
Ербол Ізбергенов Маңғыстау облысының көліктік-логистикалық әлеуетіне тоқталып, ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін атап өтті.
- Маңғыстау облысы өзінің көліктік-логистикалық әлеуетімен және халықаралық байланыстары тұрғысынан еліміздегі стратегиялық аймақ болып саналады. Біз Қытаймен Транскаспий дәлізі аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және осы бағыттағы жүк тасымалын арттыруға дайынбыз, - деді Ербол Ізбергенов.
Айта кетейік, Транскаспий дәлізі қазіргі таңда Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдаудың ең перспективалы бағыттарының біріне айналды. 2024 жылдың алғашқы 8 айында бұл бағыттағы жүк тасымалының жалпы көлемі 7%-ға артып, 3 миллион тоннаға жетті.
Сондай-ақ, Маңғыстау облысында жүк тасымалын жүзеге асыратын «Ақтау сауда порты», «Ақтау Солтүстік терминалы», «Құрық» порты және «Ерсай терминалы» сияқты төрт заманауи халықаралық теңіз порты жұмыс істейді. Бұл порттардың жалпы жылдық өткізу қуаттылығы 22,3 миллион тоннаны құрайды. Соңғы үш жылда жүк айналымы 60%-ға өсті.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -