Абай облысы әкімдігінде жолдарды қысқа дайындау және күтіп ұстау жұмысы талқыланды
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың төрағалығымен әкімдіктің отырысы өтті. Күн тәртібінде биылғы жол жөндеу жұмыстарын аяқтау, жолдарды қысқы маусымға дайындау және күтіп ұстау мәселелері қаралды.
2024 жылы жалпы трансферттер аясында жергілікті маңызы бар жолдарды орташа жөндеуге 10,3 млрд теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстарымен ұзындығы 60 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар 7 учаске және ұзындығы 96 шақырымдық аудандық маңызы бар 16 учаске қамтылған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 50,4 шақырым көшеде жөндеу жүргізілді. Семейде жалпы ұзындығы 36 шақырымды құрайтын 40 көшені жөндеу жұмысы аяқталуға жақын. Облыстың жолдарын қысқа дайындау жоспарлы түрде жүріп жатыр. Республикалық жолдарға қызмет көрсету үшін «КАЖсервис» ЖШС жұмылдырылған, оның құрамында 293 қызметкер мен 90 бірлік техника бар. Облыстық маңызы бар жолдарды «Семей жолдары» ЖШС үш қосалқы мердігер ұйыммен бірлесіп күтіп ұстауда. Аймақ басшысы жиында жол жөндеу жұмысы әлі аяқталмаған бірнеше аудан әкіміне бұл жұмысты ширатуды тапсырды.
«Күн суытып, қар жауа бастағанда жанталасып жол жөндеп кетеміз. Неге уақытылы, ауа райы қолайлы болып тұрғанда жасамаймыз?! Жолдың сапасына сұраныс ерекше болатынын ескертемін! Жылдың аяғына дейін барлығын тездетіп бітіру қажет. Бөлінген қаржыны игеру керек», — деді облыс әкімі.
Отырыста өңірдегі қоғамдық көлік мәселесі талқыланды. Облыс әкімі бұл мәселе халық тарапынан жиі көтерілетінін атап өтіп, проблеманы шешетін уақыттың жеткенін айтты.
«Семейде қоғамдық көлік дұрыс жүрмейді. Олардың санын кім бақылап отыр? Тұрғындардың шағымы көп. Қайда барсаң да осы мәселе алдымыздан шығады. Автопарк жаңарып жатыр дейсіздер. Дегенмен, халық наразы! Егер жұмыс істей алмасаңыздар басқа өңірден тасымалдаушылар шақыру жағын қарастыру керек. Бұл қашанғы жалғасады? Міне, күн де суыды. Жер тайғақ. Тезірек реттеңіздер бұл жұмысты», — деді облыс әкімі.
Абай облысында қыс кезінде халықты қорғау, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Дайындық аясында «2023-2025 жылдардағы қысқы кезеңде Абай облысының тұрғындарын қолайсыз жол-климат жағдайлары кезінде төтенше жағдайлардан қорғауды ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітілді.
Өңірде қар ұстайтын қалқандарды орнату, жылу пункттерін жөндеу, жабдықтау, жолдардың қиын учаскелеріне кезекшілерді бөлу, қосымша техникаларды тарту және оларды жылумен жабдықтау шаралары жүргізілуде. Аймақ басшысы жиында су тасқынының алдын алуға қазірден бастап қамдану қажеттігін атап өтті.
«Су басу қаупі бар аудандар белгілі. Сол аудандарды ерекше назарда ұстау қажет. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына, қала және аудан әкімдеріне жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының сапасын тұрақты түрде бақылауды, 1 желтоқсанға дейін 2025 жылға арналған жол жөндеу жұмыстары жоспарын ұсынуды, қалалар мен аудандардың бюджеттерінен аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердегі көшелерді жөндеуге және күтіп-ұстауға қаржыландыруды ұлғайтуды тапсырамын», — деді облыс әкімі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -