Абай облысынан «Бірлік керуені» Астанаға аттанды
2024 жылдың 30 тамыз күні Абай облысында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған маңызды іс-шаралардың бірі – «Бірлік керуенін» Астана қаласына шығарып салу рәсімі өтті.
Бұл керуеннің сапары, Көшпенділер ойындарының басты нышаны және негізгі элементі – Су символымен тығыз байланысты.
Осы рәсім Ұлы Абайдың туған жері Сырт Қасқабұлақта бастау алды. Бұл жерден «Бірлік керуенін» бастап, қазақ күресінен әлем чемпионы, «Қазақстан барысы» атағын иеленген Айбек Нұғымаров қасиетті суды алып шықты. Су 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында маңызды орын алмақ.
«Бірлік керуені» Семей қаласына келгенде, оларды қарсы алу мақсатында Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының «Бибігүл» қазақ халық аспаптар оркестрі, «Дала үні» а капелла тобы, «Дала сазы» этно-фольклорлық ансамблі және «Тұмар» би ансамблі өнерлерін көрсетті.
Құрметке ие болған керуен Астанаға қарай жолға шықты. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында әр өңірдің батырлары өздері алып келген қасиетті суды бір қазанға құйып, бұл елдің бірлігін, тұтастығын және өзара ынтымақтастығын көрсететін болады.
Сонымен қатар, дәл осы күні 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Абай облысының атынан қатысатын қолөнершілердің көрмесі өтті. Көрмеде өңірдің шеберлері өздерінің ең үздік туындыларын ұсынды.
Айта кетерлік жайт, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында үздік қолөнер шеберлерінің өнімдері көрмеге қойылып, ақындар айтысы, салт-дәстүрді насихаттайтын қойылымдар ұйымдастырылады. Абай облысынан осы халықаралық деңгейдегі шараға 6 спорт түрінен 12 қатысушы мен 100-ден аса мәдениет мен өнер саласының майталмандары атсалысады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -