Абай облысында жол желісін дамыту: өткен жылдың нәтижелері және болашақ жоспарлар
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында автожолдарды орташа жөндеуге ерекше назар аударуды тапсырды. Мемлекет басшысы бұл бағдарлама жолаушылар тұрақты пайдаланатын 2,5 мың шақырым облысаралық және ауданаралық трассаларды қамтығанын атап өтті.
«2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі қатынайды. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын. Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
2024 жылы Абай облысында Кіндікті ауылына кіре берістегі Боғас өзені арқылы өтетін көпірге, «Жарбұлақ» және «Ключики-Уба-застава» аудандық маңызы бар жолдардың су өткізу құрылыстарына, Аягөз қаласындағы Барақ батыр көшесіндегі көпірге қайта жаңғырту жүргізілді.
Жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде облыстық маңызы бар 60 шақырым болатын 6 учаскеге орташа жөндеу жүргізілді. Олардың қатарында Шар-Әуезов, Аягөз-Қарауыл-Семей-Қайнар, Көкпекті-Преображенка, Петропавловка-Шелехова-Дмитриевка аралықтары бар.
Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 90,4 шақырым аудандық маңызы бар автожолдардың 17 учаскесі жөндеумен қамтылды. Облыс орталығы Семей қаласында жалпы ұзындығы 37,8 шақырым 40 көше жөнделді.
Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков 2025 жылы жолдарды жөндеу жалғасатынын айтты. Облыстық маңызы бар автожолдардың 7 учаскесі орташа жөндеумен қамтылады деп жоспарлануда.
«Орташа жөндеу – бұл Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық міндет. Облыстық маңызы бар жолдардың 109 шақырымын жөндеу көзделген. Оның ішінде Аягөз-Қарауыл-Семей-Қайнар, Бородулиха-Жезкент, Дмитриевка-Бородулиха-облыс шекарасы, Семей-Долон-Бесқарағай-Ерназар-Қоянбай, Мақаншы-Жалаңашкөл, Семей-Қарауыл учаскелерінде жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар, жөндеу жалпы ұзындығы 113,7 шақырым болатын аудандық маңызы бар автожолдардың 12 учаскесін қамтиды. Біз өңірдің халқы мен экономикасы үшін маңызды болып табылатын автожолдарды орташа жөндеу бағдарламасын белсенді түрде іске асыруды жалғастырамыз», — деді облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.
Өңірде көшелерді жөндеу жұмысы жалғасады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 63,3 шақырым елді мекендердің көшелерін орташа жөндеу жоспарлануда. Семейде жалпы ұзындығы 55 шақырым көшелерді орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -