Абай облысының оқушысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ойынды жетілдіруде
Бородулиха ауданы Жезкент мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Нұрали Амангелдіев сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Сатылмайтын Алпамыс» атты компьютерлік ойын әзірледі. Ойынның басты мақсаты – оқушыларға сыбайлас жемқорлықтың зиянын түсіндіріп, оған қарсы тұру мәдениетін қалыптастыру.
Бұл ойын квест форматында жасалған. Ойыншы өзіне жасырын агент немесе журналист рөлін таңдай алады. Сондай-ақ тергеуді кімге қатысты жүргізетінін де шешеді: сот, прокурор немесе мемлекеттік қызметші. Ойын барысында әртүрлі эпизодтардан өтіп, ойыншы жемқорлыққа қарсы әрекеттердің қыр-сырын меңгереді және ойын соңында жемқорлық схемасын әшкерелейді.
Автор болашақта бұл жобаны ұялы телефондарға арналған тегін қосымша ретінде үш тілде ұсынуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта Нұрали өткен жылы І республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалар байқауында жеңіп алған 1 000 000 теңге сыйақысын ойынның дамуына жұмсаған. Ол VR көзілдіріктері мен арнайы техникалық жабдықтар сатып алып, ойынның қызметін кеңейтуді қолға алған. Сонымен бірге ойынның әр кезеңіне Абайдың қара сөздерін қосу арқылы оның рухани мазмұнын байытуды жоспарлап отыр. Бұл ойыншыларға шешім қабылдау кезінде терең ой салуға бағытталған.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -