Агенттік басшысы Орталық депозитарийлер Азия-Тынық мұхиты қауымдастығының жиналысында сөз сөйледі
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова Орталық депозитарийлер Азия-Тынық мұхиты қауымдастығының (АСG) 26-шы жалпы жылдық жиналысында құттықтау сөз сөйледі.
Бұл іс-шара Қазақстанда алғаш рет өтті және Азия-Тынық мұхиты өңірінің 40-тан астам елінен орталық депозитарийлердің, биржалық және клирингтік ұйымдардың 150-ден астам өкілдерінің басын қосты.
«Бүгінгі күні Қазақстанның Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан және басқа мемлекеттерді қоса алғанда, өңір елдерімен тығыз экономикалық қатынастары бар. Осыған байланысты тауар айналымы мен капитал қозғалысы үшін елдер арасындағы сапалы қаржылық инфрақұрылымды қамтамасыз ету маңызды.
Жаһандық қаржы жүйесін дамытудың ағымдағы жағдайларында Азия-Тынық мұхиты аймағы мен Орталық Азия арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастарды құрудың стратегиялық маңызы бар. Бүгінде Қазақстанның қор нарығы мен қаржы жүйесі қарқынды дамып келеді. Акциялар нарығын капиталдандыру 70 млрд АҚШ долларын немесе елдің ІЖӨ-нің 28%-ын құрайды. KASE-де саудаға түсетін корпоративтік облигациялардың көлемі 30 млрд АҚШ долларын немесе ІЖӨ-нің 12%-ын құрайды. 5 жыл ішінде капитал нарығында тартылған қорландыру көлемі 19 млрд АҚШ долларын құрады. Бөлшек инвесторлардың саны 3 млн-ға жуық, бұл олардың бизнес үшін қаржыландыру көзі ретіндегі маңызды рөлін көрсетеді», - деп атап өтті сөз сөйлеу барысында Мәдина Әбілқасымова.
Агенттік басшысы Ұлттық Банкпен бірлесіп Қазақстан қор нарығының инфрақұрылымын Жаһандық капитал нарықтарының экожүйесіне интеграциялауды қамтамасыз ету жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты.
«Қазақстанда капитал нарығының инфрақұрылымын дамыту шеңберінде Орталық депозитарийдің функционалы айтарлықтай кеңейтілді. Бүгінгі таңда Орталық депозитарий шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыра алады, оның платформасында биржадан тыс нарықта бағалы қағаздармен сауда-саттық жүргізу енгізілді, сондай-ақ бағалы қағаздар шығарылымдарын тіркеу автоматтандырылды. Орталық депозитарий 10 шетелдік депозитариймен және кастодиандармен, оның ішінде Euroclear, Clearstream, BNY Mellon және т.б. жетекші Жаһандық депозитарийлермен мықты корреспонденттік және депозитаралық байланыстар орнатты.
Қазіргі уақытта Euroclear және Clearstream сияқты халықаралық есеп айырысу ұйымдарына Орталық депозитарийде тікелей шоттар ашуға, сондай-ақ банктерге шот операторының қызметтерін көрсетуге мүмкіндік беру жұмысы жүріп жатыр. Осылайша, Орталық депозитарий депозитарлық және банктік қызметтердің барлық түрі бар өңірлік есепке алу-есептеу хабы болып табылады», - деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.
Соңғы жылдары Қазақстан қор биржасының (KASE) сауда және есеп айырысу-клирингтік жүйелері жаңғыртылды, KASE Клирингтік орталығы құрылды, оның негізінде барлық нарықта – қор, валюта, ақша нарықтарында, сондай-ақ деривативтер нарығында орталық контрагент енгізілді. Инфрақұрылымдық өзгерістер Қазақстан қор нарығының шетелдік инвесторлар мен халықаралық қоғамдастық үшін тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берді. MSCI мен FTSE-нің 2022 жылғы бағалауына сәйкес Қазақстан қор нарығының инфрақұрылымы «Emerging Markets» санатының сапалық өлшемшарттарына толық сәйкес келеді.
Агенттік басшысы БҰҰ -ның Жаһандық климаттық күн тәртібіне сәйкес мемлекеттің қор нарығына орнықты даму қағидаттарын енгізуге елеулі күш жұмсап отырғанын атап өтті. Қазіргі уақытта «жасыл» қаржыландыруды дамытуды ынталандыру үшін барлық қажетті заңнамалық және реттеу тетіктері құрылған.
«Қазақстанда Көміртегі бейтараптығы жөніндегі 2060 жылға дейінгі стратегиясы бекітілді, жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, «жасыл» таксономия енгізілді, «әлеуметтік» таксономияны енгізу жұмысы жүргізілуде. Қазақстан қор биржасында арнайы ESG облигацияларының секторы құрылды, осы нарыққа шығатындардың барлығы үшін қосымша жеңілдіктер берілді. KASE-де шығарылған ESG облигацияларының көлемі 4 жылда 1,3 млрд АҚШ долларын құрады. 2023 жылғы маусымнан бастап Агенттік Қаржы жүйесін экологияландыру жөніндегі қаржы реттеушілері Жаһандық желісінің (NGFS) мүшесі болып табылады», - деп хабарлады Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Қазіргі уақытта капитал нарықтары арасындағы өңіраралық байланыстарды қамтамасыз ету үшін Агенттік Ұлттық Банкпен және Қаржы министрлігімен бірлесіп, ASEAN+3 Bond Market Forum-да бақылаушы мәртебесін алуға өтінім берді. Аталған маңызды алаң облигациялар нарықтарын дамытуда тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
«Бүгінде Азияның өңірлік облигациялар нарығы әлемдегі ең ірі нарықтардың бірі болып табылады және тереңдігі, сондай-ақ өтімділігі бойынша елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Қазақстан облигациялар нарықтарын бірлесіп дамыту және интеграциялау мақсатында АСЕАН+3 елдерімен қарым-қатынастарды реттеуге және нығайтуға ниеттеніп отыр», - деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.
Өңір елдерімен одан әрі ынтымақтастық жасау капитал нарықтары инфрақұрылымдарының өзара іс-қимылын жақсартуға және жаңа экономикалық әрі қаржылық байланыстар құруға қосымша қарқын береді.
Агенттіктің сыртқы коммуникациялар Басқармасы
+7 (727) 237 1089
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -