Айдарбек Сапаров Еуропалық ауыл шаруашылығы комиссары Януш Войцеховскиймен ауыл шаруашылығы өнімдері бағытындағы сауда кедергілерін жою мәселесін талқылады
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі «Interfood Astana» халықаралық көрмесіндегі екіжақты кездесу аясында қазақстандық ет, бал және сүт өнімдері үшін, атап айтқанда сублимацияланған сүт және басқа да позициялар бойынша ЕО нарығын ашу мүмкіндіктерін техникалық талқылауға келісті. Сондай-ақ, ЕО елдерінің шошқа және құс шаруашылығы өнімдері туралы да сөз болды.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Еуроодақ елдеріне 650 мың тонна бидай экспорттады. Қазақстаннан зығыр тұқымының жалпы экспортының 20%-ы, рапстың 79%-ы Еуропалық Одақ елдеріне тиесілі. Қазақстан осы және басқа да өсімдік шаруашылығы өнімдерін Еуропаға, оның ішінде «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» арқылы экспорттауды жалғастыруға және ұлғайтуға ниетті.
Мал шаруашылығы өнімдері бойынша қазақстандық өндірушілер еуропалық сатып алушыларға әлі де шектеулі. Балық өңдеумен айналысатын 70 кәсіпорынның бүгінде 18-і жоғары талаптарға сай және Еуропалық Одақ елдеріне балық өнімдерін экспорттау құқығына ие болды. 2023 жылы Қазақстан жалпы сомасы 85 миллион АҚШ доллары болатын 25 мың тоннаға жуық балық өнімдерін экспорттады. ЕО елдеріне (Германия, Нидерланды, Дания, Литва және т.б.) жалпы сомасы 60 млн АҚШ долларынан асатын 11 мың тонна балық жөнелтті.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды мүдделі. Атап айтқанда, бал экспорттау туралы өтініш Еуропалық комиссияға жіберілді, алдын ала ақпарат бойынша өтініш оң тұрғыда қаралды. Енді жергілікті балды еуропалық нарыққа шығаруға жол ашу үшін Қазақстандағы бал және басқа да ара шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша қолданыстағы реттеу және бақылау жүйесін бағалау нәтижелерін күту керек.
Асыл тұқымды мал шаруашылығы елі ретінде Қазақстан ет, оның ішінде жылқы етін де жекізуді де қалайды. Айдарбек Сапаров бал экспортын мақұлдау үдерісімен қатар жылқы еті мен акваөсіру экспорты мәселесі бойынша жұмысты жандандыруды ұсынды.
Януш Войцеховский қазақстандық тарапқа ЕО-мен ынтымақтастыққа ашық көзқарасы үшін алғыс айтып, мәселелерді пысықтау үшін техникалық кездесулер қажет екенін, мұнда ЕО-дан шошқа еті мен құс етін жеткізу мәселесін де қарастыру керектігін атап өтті.
Жалпы, ЕО бизнес-миссиясының агроөнеркәсіптік секторға сапары Қазақстан-Еуропа қарым-қатынастары тарихында тұңғыш рет өткізілуде. Еуропалық делегация құрамында 40-тан астам компания бар. Еуропалық Комиссар мен Ауыл шаруашылығы министрі «Interfood Astana» халықаралық көрмесінде ЕО стендтін ашты.
Еуропа елдері Қазақстанға сауда-саттық қана емес, инвестиция да салады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Еуропалық Одақтан Қазақстанға құйылған тікелей инвестиция көлемі 23%-ға өсіп, 12,5 млрд АҚШ долларын құрады. Айдарбек Сапаров еуропалық компаниялар АӨК өнімдерін терең өңдеу, балалар тағамын өндіру және басқа да бағыттар бойынша жобаларға қызығушылық танытатынын атап өтті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -