Алматыда әлем және Азия чемпиондары әскери ант берді
Грек-рим күресімен, бокспен, таэквондомен және биатлонмен айналысатын жиырма төрт жас спортшы Отан алдында адал болуға ант берді.
Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының құрамы 22 спорт шебері және 2 спорт шеберіне үміткермен толықты. Олардың арасында 3 әлем чемпионы, 2 әлем кубогы, 9 Азия және 16 Қазақстан чемпионы бар. Жасына қарамастан, әскерге шақырылушылардың айтарлықтай жетістіктері бар және өздері айналысатын спорт түрлерінен ел құрамасының сапында шығады. Бұл құрамда Париждегі Олимпиада ойындарына лицензия алған Мұхаммедсабыр Базарбайұлы да бар.
Салтанатты шараға Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов, екі дүркін Азия чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының чемпионы Юрий Мельниченко, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Қазақстан барысы-2018» жеңімпазы Ержан Шынкеев және әскерге алынғандардың туған-туыстары қатысты.
Спорт ротасының сарбаздарын Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы полковник Арман Әбеуов құттықтады.
– Отанымыздың игілігі жолындағы қызметтерің жақындарың мақтана алатындай абыроймен өтуі керек. Спорттағы және өмірдегі барлық жеңістер елімізге, Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне арналсын деген тілегім бар. Қорғаныс министрі армия спортын қашанда қолдайды. Әскердегі қызмет барысында сендерге жарыстарда жаттығуға және өнер көрсетуге барлық жағдай жасалатын болады, – деді полковник Арман Әбеуов.
Ант қабылдау рәсіміне дейін спорт ротасының сарбаздары жас жауынгер курсын оқып үйренді. Олар қару-жарақпен және қарусыз бір орнында және қозғалыста саптық техниканы үйреніп, жалпыәскери жарғыларды, әскери қызмет қауіпсіздігінің негіздерін меңгерді және атыс дайындығынан өтті.
– Спорттағы жеңістері мен рекордтарына қарай армия клубының тарихы бай екенін білеміз. Біз Орталық спорт клубының даңқын арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Мұндай спорт ротасында борышымызды өтеу біз үшін үлкен мәртебе, – деді грек-рим күресінен әлем чемпионы Сұлтан Әсетұлы.
Кездесу соңында комитет төрағасы полковник Арман Әбеуов сарбаздардың ата-аналарымен әңгімелесіп, олардың қызметінің ерекшеліктері туралы айтып берді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -