Алматыда самбо мен қазақ күресінен әскери қызметшілер арасында өткен ТМД чемпионаты қорытындыланды
Әскери ортада танымал күрестің екі түрінен өткен біріншілік Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдер достық армияларының XVI Спартакиадасы шеңберінде Орталық спорт клубында өтті.
Боз кілемдегі жекпе-жекте Қазақстан, Ресей және Тәжікстан спортшылары бағын сынады.
Чемпионат қорытындысы бойынша бірінші орында Қазақстан армиясының әскери қызметшілері, екінші орында Ресей командасы, үшінші орында Тәжікстаннан келген спортшылар тұр. Сонымен қатар қазақстандық спортшылар жеті алтын медаль жеңіп алды. Ресей армиясы командасының қоржынында – төрт алтын, Тәжікстаннан келген әскери қызметшілерде – біреуі бар.
– Әскери қызметшілер арасында ұлттық спорт түрі – қазақ күресінен жарыс біз үшін өте маңызды. Жалпы чемпионат жоғары деңгейде өтті. Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті атынан ұйымдастырушылардың үйлесімді жұмысын және спортшылардың жақсы дайындығын атап өткім келеді, – деп түйіндеді Qazaq kuresi қауымдастығының директоры Дамир Бекбосынов.
Қазақ күресін дәріптеу жұмыстары әрі қарай жалғасатынын естеріңізге сала кетейік. Келесі жылы Халықаралық әскери спорт кеңесі (CISM) аясында Астанада күрестің осы ұлттық түрінен әлем чемпионаты өтеді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -