Алматыда әскери міндеттілердің жиындары басталды
29219 әскери бөлімінің базасында тылдық қамтамасыз ету мамандарының әскери жиындары өтіп жатыр.
Іс-шаралар әскери міндеттілердің практикалық дағдыларын жетілдіруге, әскери дайындықтың талап етілетін деңгейін және оларды қолдануға әзірлігін қолдауға бағытталған.
Тылдық қамтамасыз ету саласында арнаулы мамандарды дайындау жүргізілуде. Олардың қатарында аспазшы, наубайшы, отын жабдықтарын, киім-кешек заттарын жөндеу шеберлері, кір жуу, киім шеберханаларының бастықтары, ветеринарлық фельдшерлер мен зертханашылар бар.
Оқу материалдық-техникалық база білім алушыларға тылдағы қамтамасыз ету міндеттерін орындау үшін қажетті білім мен дағдылар қорын беруге мүмкіндік береді. Әскери міндеттілердің тұрмысын ұйымдастыру үшін әскери шаруашылықтың барлық элементтері орналастырылған, мәдени және спорттық іс-шаралар қарастырылған.
– Жиынға медициналық комиссиядан сәтті өткен 120-дан аса адам тартылған. Тәжірибелі нұсқаушылардың басшылығымен әскери міндеттілер әскери шаруашылық жүргізуге, тамақтануды ұйымдастыруға, заттай мүлікпен қамтамасыз етуге және материалдық-техникалық қамтамасыз етудің басқа да мәселелеріне оқытылатын болады. Оқу арнайы тренажерларды қолдану арқылы өтетінін айта кету керек, – деп түсіндірді жиын бастығы, 29219 әскери бөлімінің командирі полковник Мирхат Оғызбаев.
Тиісті әскери-есептік мамандық бойынша жиындардың оқу бағдарламасын игеру емтихандар мен сынақтарды тапсыру жолымен тексерілетін болады. Бағдарламаны сәтті игергендерге кезекті әскери атақ беріледі.
Жиынға шақырылған запастағы ефрейтор Рашит Бегенбай өз жоспарларын ортаға салды.
– Уақытысында мерзімді қызметімді өтедім. Болашақта келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруді жоспарлап отырмын. Сондықтан қазіргі жиындар мен үшін өз дағдыларымды жетілдіру тұрғысынан өте пайдалы болады, – деді ол.
Жиындар 9 шілдеге дейін жалғасады. Осы кезеңде әскери міндеттілердің жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталады. Республикалық бюджет есебінен оларға орташа айлық жалақы төленеді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -