Алматылық команда «Айбын» жастар жиынына дайын
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты «Айбын» Х халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысатын команданы белсенді дайындауда.
Алматы қаласының Әуезов ауданындағы 15 мектептің ішінен Әуе қорғанысы күштерінің құрамасы үшін үздіктер іріктелді.
– Әскери-патриоттық клубта өтетін сабақтар мен жарысқа дайындық жастардың бойында болашақ Отан қорғаушыларға қажетті қасиеттерді қалыптастырады. Олар бұл жиынға мұқият дайындалды. Сондықтан балалар жоғары нәтижелерден үмітті, – деп атап өтті команда жетекшісі майор Мирас Калиуллин.
Оқушылар жиында әскери-қолданбалы спорт түрлерін меңгеру деңгейін көрсетеді. Нақтырақ айтсақ, олар белтемірде тартылу, денені көтеру, пневматикалық мылтықтан ату, АК-74 Калашников автоматын толық бөлшектеп-құрастыру, арқан тарту және әскерилендірілген эстафетада бақ сынасады.
Дайындықтарда психологтар мен нұсқаушылар эмоционалды күйзелісті жеңуге, кез келген жағдайда салқынқанды әрі өзіне сенімді болуға көмектесті.
– Интеллектуалдық жағынан болсын, күш-қуат және моральдық-психологиялық тұрғыдан алсақ та, барлық бағыттар бойынша дайындалдық. Көңіл-күйіміз жақсы, тәлімгерлеріміздің үмітін ақтауға тырысамыз, – деді «Бес қару» командасының мүшесі Әлихан Мырзағали.
«Бес қару» командасы халықаралық жиында Әуе қорғанысы күштерінің намысын қорғауға дайын.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -