Қарағанды облысының өңірлік кадр резервтеріне іріктеудің қорытындысы жарияланды
Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде алғаш рет әр өңірде талантты жастар арасынан жаңашыл ойлайтын жас басқарушылардың тобын қалыптастыру мақсатында өңірлік кадр резервіне іріктеу жүргізілді.
Қарағанды облысының өңірлік кадр резервтеріне іріктеу Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментімен және облыстық әкімдікпен бірлесе отырып өткізілді.
Өңірлік кадр резервін қалыптастыру өңірді дамытудың ерекшелігі мен басымдықтарын ескере отырып, 7 бағыт (индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын ұй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылым, агроөнеркәсіп кешені және жер қатынастары, цифрландыру және экология) бойынша жүргізілді.
Құжаттарды қабылдау кезеңі 1–31 наурыз аралығында өткізілді. Жобаның ресми сайтында барлығы 364 адам тіркелді, оның ішінде 244 кандидат іріктеуге қатысуға жіберілді.
Заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеу кезеңі өңірімізде орналасқан тестілеу орталығында офлайн форматта өткізілді. Бұл ретте, заңнаманы білуге арналған тестілеуге – 180 адам, жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуге – 93 кандидат жіберілді.
Құзыреттілікті бағалау кезеңі Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта Ассессмент-орталық әдісімен өткізілді. Ассессмент-орталықтың негізгі бөлігі 13–29 мамыры аралығында өтті.
Осы кезеңге барлығы 50 кандидат жіберілді. Ассессмент-орталыққа 47 адам (94 %) келіп, 3 адам (6 %) келген жоқ. «Өңірлік кадр комиссиясында құрылымдық сұхбат» кезеңіне 43 адам өтті.
Өңірлік кадр резервіне қабылданған адамдардың тізімі жобаның onir.pkrezerv.gov.kz ресми сайтында жарияланды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -