Асхат Шахаров жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды
Жыл басынан бері 291 жол-көлік оқиғасында 394 адам зардап шегіп, 68 адам қаза тапты. Облыс полицейлері жол-көлік оқиғаларының жиілегеніне алаңдаулы.
Жол апаттарының алдын алу мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында қаралды.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Айдос Құлжанов жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерін атады. Олардың ішінде жылдамдықты сақтамау (37 мың жағдай), қарама-қарсы бағытқа шығу (563), мас күйде көлік жүргізу (674), тұрғындардың жаяу жүргіншілер жолынан тыс жерден өтуі (7525) және басқалары бар. Жалпы, биыл 95 мыңнан астам жүргізушіге 2 млрд теңгеден астам айыппұл салынды.
«Самара-Шымкент» және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трассалары - ЖКО орын алатын автожолдардың ең қауіпті учаскелері саналады. Осы жол учаскелерінде жыл басынан бері 37 ЖКО орын алып, 28 адам қаза тауып, 69 адам зардап шеккен.
Мамандар жол қозғалысы және жолдарда жаяу жүргіншілердің қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету үшін 2,6 мың белгі қойылып, 20 проекциялық жол өткелін орналастыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 720 жол белгісі ауыстырылды.
Жыл соңына дейін «Бұлтты бейнебақылау сервисі» жобасы аясында Ақтөбе қаласында желілік учаскелер мен қиылыстарда 66 аппараттық-бағдарламалық кешен және қиылыстарда 28 кешен, түтін мен өртті анықтау үшін 24 бейнекамера, сондай-ақ, 10 елдімекенде 2422 бейнебақылау камерасы, 45 нөмірлік белгілерді тану кешені іске қосылады.
Асхат Шахаров жолдардағы патрульдеуді күшейтуді, жол қауіпсіздігін қадағалайтын бейнекамераларды орнату жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырды.
«Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Біздің міндетіміз – жолдағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Полиция патрульдеу мен көлікті тексеру шараларын күшейтуі керек. Құқықбұзушылықтың алдын алу үшін жүргізушілерді тәртіпке келтіруге көмектесетін нақты талдау мен шараларды әзірлеу қажет. Көптеген адамның мас күйде немесе есірткіге есіріп, көлік жүргізуіне жол берілмеу керек. Өйткені, олар жол қозғалысының басқа қатысушыларының да өміріне жауапты. Мұндай заң бұзғандарды тоқтатқан жөн. Полиция білім басқармасымен бірлесіп, мопедтер мен скутерлерді басқарудың жауапкершілігі туралы кәмелетке толмағандармен түсіндірме әңгімелер өткізуі тиіс. Кәмелетке толмаған баласына мопед сыйлаған ата-аналардың жауапкершілігін қарастыру керек. Оқушыларды олимпиадаларға, жарыстарға тасымалдау ережелері туралы мектеп директорларына жеткізуді тапсырамын. Балалардың қатысуымен орын алатын оқыс жағдайлардың енді қайталануына жол бермеу керек. Азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын ортақ күш-жігермен сақтау үшін жолдардағы жарақаттану проблемаларын шешуге қоғамның назарын аудару қажет», - деп тапсырды облыс әкімі.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -