Астанада Елорда күніне орай "FILARMONIA FEST-2024" өтті
Елорда күнін мерекелеу аясында Астана әкімдігі және Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония "FILARMONIA FEST – 2024" музыкалық іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
"FILARMONIA FEST" Астана күнін мерекелеу аясында қаланың музыка әлемі айналасында жұртшылықты біріктіруге арналған. Бұл қазақстандық музыкалық мәдениетті дәріптеу, отандық өнердің гуманистік және рухани бағыты арқылы халықтың түрлі топтарын көркемдік шығармашылыққа баулу мақсатында өткізіледі.
28 және 29 маусым күндері Кенесары көшесі, 32 мекенжайындағы филармония ғимаратының алдындағы алаңнан Есіл өзенінің жағалауына дейін түрлі іс-шаралар өтті.
Бірінші күні жоба аясында филармония алдындағы алаңда "Бормен сурет салу", "Живопись" екі номинациясы бойынша "Мен музыка саламын" балалар сурет байқауы өтті. Үздік жұмыстардың авторларына сыйлықтар табысталды. Ал жас музыканттар үшін бұл алаңда филармония әртістерінен "Сарыарқа" халық музыкасы ансамблі мен симфониялық оркестрдің "Музыкалық аспаптар әлеміне саяхат" атты шеберлік сабақтары ұйымдастырылды, онда балалар әдемі дыбыстардың тууы мен олардың әуен боп қайта шығу құпияларын білді.
Екінші күні сол алаңда филармонияның барлық ұжымдарының қатысуымен елорданың 26 жылдығына арналған "тірі" 26 саны салынған жаппай флеш-моб өтті. Есіл өзенінің жағалауы мен елордалық Арбат арқылы шеру де өтті. Үлкен музыкалық шеруге "Сарыарқа" халық музыкалық ансамблі, "Қорқыт" этно-ансамблі, Alem Заманауи хореография балеті, Камералық хор, Қазақ, симфониялық және үрмелі оркестрлер, эстрадалық, классикалық вокал және халық әні бөлімі қатысты.
Бұл ұжымдар шеруден кейін қонақтар алдында музыкалық нөмірлермен өнер көрсетіп, Кенесары ескерткішінің жанында "Атамекен" әнін бірге орындады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -