Астаналық пара каратэшілер әлем чемпионатында үздік атанды
5-12 қараша аралығында Үндістанның Гоа штатында өткен пара каратэден Әлем чемпионатының жүлдегерлерін жанкүйерлер мен ата-аналары Астана әуежайында салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
XXIV Әлем чемпионатында фунакоши каратэге (FSKA) Оңтүстік Африка, Италия, Португалия, Үндістан, Қазақстан, АҚШ, Ресей, Кения, Малайзия елдерінен интеллект, тірек-қимыл аппараты мен көру мүшелері зақымданған спортшылардан құралған 6 командадан барлығы 40 спортшы қатысты. Олардың қатарында Астана қаласының бес спортшысы бар. Олар: Ләззат Жүсіпова, Дидар Мұхамеджанов, Рустам Біләлов, Нұржайна Жаннетова және Рүстем Қожахметов.
Байрақты бәсекеде пара каратэнің ката бағдарламасы бойынша өнер көрсеткен елорданың 5 спортшысы жеңіс тұғырынан көрініп, алтыннан алқа тақты. Пара каратэден Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мейрамгүл Дукуева Үндістанда өнер көрсеткен шәкірттерімен әрдайым мақтанатынын айтты.
«Біз 2019 жылдан бастап пара каратэмен айналысып келеміз, сол кезден бері спортшыларымыз жарыстарда үздік нәтижелер көрсете бастады. Биылғы чемпионатқа қатысқан 40 спортшының барлығы жоғары деңгейде өнер көрсетті, біз спортшыларымызбен мақтанамыз», – деді Мейрамгүл Дукуева.
Осылайша, пара каратэ спортшылары осы жылды Үндістанның Гоа штатында өткен Әлем чемпионатында үздік нәтижемен аяқтады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -