Атырау қаласында эвакопункттегі балаларға мерекелік іс-шара ұйымдастырылды
Балаларды қорғау күні қарсаңында, Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері, Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері бірлесіп Талдыкөл ауылынан эвакуацияланған балаларға мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шара «APEC PetroTechnic» колледжінің ауласында өткізілді. Мерекелік іс-шараға эвакуацияланған 133 бала қатысты.
Бүлдіршіндер өрт сөндіру автокөліктеріне отырып, олардың ерекшеліктерімен, өрт сөндірушінің жауынгерлік киімдерімен, құтқарушылардың авариялық-құрал жабдықтарымен танысты. Қатысушылар қызығушылық танытып, сұрақтарын қойып, құтқарушылардың қызметіне қызыға қарады.
Жедел-құтқару жасағының құтқарушы иті Оллиді көрген бүлдіршіндер шынайы қуаныштарын жасырмады. Құтқарушы иттердің ерекше қабілеттерін көріп, оларға таңдана қарап мәз болды.
Қалалық басқарма қызметкерлері өрт қауіпсіздігі, судағы қауіпсіздігі бағытында нұсқама өткізіп, қауіпсіздік ережелерімен таныстырып өтті.
Шара соңында Апаттар медицинасы орталығының психологы командалық ойын элементтерімен тренинг өткізді.
Естеріңізге сала кетейік, Махамбет ауданында Жайық өзенінің су деңгейінің көтерілуіне байланысты құтқарушылар 25 мамырда Талдыкөл ауылының тұрғындарын алдын ала эвакуациялаған болатын. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары «APEC PetroTechnic» колледжінің эвакуациялық пунктінде орналасты.
Атырау облысы ТЖД
Қоғаммен байланыс тобы
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -