Атырау облысында ауыз сумен қамту және су бұру жүйесін жақсарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мақсатында іске асып жатқан жобалар туралы аймақ басшысы Серік Шәпкенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде айтты.Жалпы өңір халқының 99,8%-ы таза ауыз сумен қамтылған. Биыл Қызылқоға ауданының Қоңыраулы, Аққора ауылы мен Махамбет ауданының Бала Ораз елді мекеніне 18,9 шақырым су құбыры жүргізілді. Сонымен қатар Махамбет ауданына қарасты Атамбаев, Көздіқара, Есмахан елді мекендеріне жалпы ұзындығы 61,7 км болатын су құбырын тарту жұмыстары аяқталып келеді. Қос жобаның нәтижесінде 600 адам таза ауыз сумен қамтылады. Сондай-ақ Махамбет, Исатай, Құрманғазы ауданында 16 су тазарту станциясы жаңғыртылып жатыр.
- Тасқынның салдарына қарамастан халықты сапалы ауыз сумен қамту бағытында жұмыстар жүйелі жүруде. Мәселен, қалада тәулігіне 50 мың текше метр су тазалайтын №5 сүзгі станциясын жаңғырту жұмысын жыл соңына дейін аяқтап, іске қосамыз. Сондай-ақ келер жылы тәулігіне 60 мың текше метр су тазалайтын №6 сүзгі станциясының құрылысы басталады. Биыл қала аумағында 60 шақырым су желісінің жаңғырту жұмысын бастадық. Оның 30 шақырым су құбыры темірден пластикке ауыстырылды. Қалған 30 шақырымдағы жұмысты келер жылы аяқтаймыз. Бұған қоса қаладағы 1950 жылдан бері жөндеу көрмеген, ұзындығы 40 км болатын кәріз желісін жаңартып жатырмыз. Бүгінде бұл жұмыстың 17 шақырымында жұмыс аяқталды , - деді С.Шәпкенов.
Сондай-ақ Атырауда 1945 жылдан бері жөнделмеген кәріз сорғы станцияларын жаңғырту,күрделі жөндеу жұмысын басталған. 9 кәріз сорғы станциясы жаңғыртылуда. Жыл соңына дейін бесеуіндегі жұмыс аяқталады. Оған қоса 36 станцияны реконструкциялау үшін жобалық сметалық құжат дайындалып жатыр. Ал Құлсары қаласында 14 кәріз сорғы станциясы күрделі жөндеуден өтті. Исатай ауданы Аққыстау ауылында кәріздік тазарту ғимаратының құрылысы жүрде.
– Атырау халқын алаңдатқан басты мәселенің бірі – ықшам аудандардағы кәріз жүйесі. Жауын-шашын кезінде тұрғындардан түсетін шағым көбейеді. Жердің тұздылығы тағы бар. Мәселені шешіп, Атырау қаласындағы бірнеше ықшам ауданды орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу үшін бүгінде 22 учаскеге жүргізілетін кәріз желісінің жобалық сметалық құжаты жасақталды. 2026 жылдан бастап жүргізілген кәріз желісі қаланың оң жағалауындағы кәріздік-тазарту ғимаратына қосылатын болады. Жалпы бұл жұмыс 5 жылды алатындықтан, кезең-кезеңімен істеледі, - деді өңір басшысы Серік Шәпкенов.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -