«Қауіпсіздік құлып»: Астанада балалардың қауіпсіздігі бойынша профилактикалық акция өтіп жатыр
Астанада балалардың жарақаттануы туралы, атап айтқанда, көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің терезелерінен балалардың құламауының алдын алу және құрылыс нысандарында қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды. Бұл мәселе қала әкімінің орынбасары Есет Байкеннің төрағалығымен өткен жиында талқыланды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жиында көпқабатты тұрғын үйлерден балалардың құлауы мен жарақаттануының алдын алу, құрылыс нысандарындағы өндірістік жарақаттану, терезе саңылауларына арналған қорғаныш құлыптарын орнату нормаларының орындалу мәселелері қаралып, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Мұхаметқалиев пен Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Исмағұлов баяндама жасады.
Ерік Мұхаметқалиевтің сөзінше, барлық мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасында балалар жарақатының алдын алу, өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша кешенді түсіндіру жұмысы үзбей жүргізіліп келеді.
«Бүгінде елімізде көппәтерлі тұрғын үйлердегі өрттердің алдын алу бойынша ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізілуде, оның аясында балалардың жарақаттануының алдын алу мақсатында параллельді түрде түсіндіру жүргізілуде. Сондай-ақ терезеден құлау салдарынан балалардың жарақаттануы мен өлім жағдайларының артуына байланысты Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті 2024 жылдың 16 шілдесінен бастап «Қауіпсіздік құлып» апталығы профилактикалық акциясын бастады. Акцияның бірінші күні елордада орналасқан 2780 көпқабатты тұрғын үйдің 406-сы қамтылды», – деді ол.
Жазатайым оқиғалар орын алған құрылыс нысандарында тексеру іс-шараларының атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталған Ерлан Исмағұлов бүгінгі таңда мемлекеттік еңбек инспекторлары 11 құрылыс нысанын тексеріп, алдағы уақытта жұмыстың қарқынды жүргізілетінін жеткізді.Қала әкімінің орынбасары Есет Байкен тұрғындардың қауіпсіздігі қашанда басты назарда болу керектігін баса айтып, жауапты тараптардың жұмысына салғырттық танытуына болмайтынын ескертті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -